Қоғам

Менделевтің кестесіне өзгеріс енгізген теріскейлік тау тұлға

1925 жылдың 23-ші наурызы күні қасиетті Шал ақын ауданында қазақтың маңдайына біткен нар тұлғасы Евней Бөкетов өмірге келді. Биыл атақты академиктің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай жерлесіміздің Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараның басында алдыңғы буын өкілдері сөз алып, ғұлама ғалымның өмір жолына тоқталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Зарқын Тайшыбай біртуар перзентпен талай мәрте тілдескен. Евней Арысталұлы Қарағанды өңірінде зор беделге ие болыпты.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:

– Қарағандының ғалымдары, зиялы қауымы Евекенің маңайында болды. 1972 жылы Қарағанды университетіне ректор болып тағайындалды. Бұл Қазақстандағы екінші университет еді. Ол кезде Қарағандыда 7 ЖОО бар. Соның барлығының ұйымдастырушысы, жетекшісі болғандай болды.

Теріскей тумасының топ бастайтындай жөні бар. Ол төрткіл дүниеге Қазақстанның атын шығарды, қазақтың кім екенін танытты. Әр еңбегі – баға жетпес байлық. Оның туындыларын түгел қамтып айтсақ, таң атыруға болады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 200-ден астам ғылыми еңбегі шетелден патент алған, 9 монографиясы бар. Менделевтің кестесіне өзгеріс енгізіп, әлемге паш етті. Біздің біртуар тұлғамыз.

Мұндай тұлғаға қашан да құрмет көрсетуіміз қажет. Евней Бөкетовтың ескерткішіне алғашқы гүл шоғы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан қойылды.

Алдыңғы буын өкілдері, университет ұстаздары мен жастар қалыс қалған жоқ. Барлығы тар жол, тайғақ кешкен ғалымның рухына тағзым етті. Біреу білсе, біреу білмес, Евней Бөкетов басшылық қызметте жүрген шақта талай мәрте психологиялық соққы алған. Соларға алып емендей шыдас берді. Өзі баспасөзге жақын болыпты. Ақындық, аудармашылық өнер де бойына сіңген.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Өмірі қысқа болды. Қиыншылықты бастан кешірді. Ол химик және металлург қана емес, беделді қоғам қайраткері мен белсенді азамат болды. Өмірінің соңғы күніне дейін өткір ойларымен газет беттерінен түскен жоқ.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:

– Әдебиетші, жазушы, ақын. Ақындығын текке айтып отырған жоқпын. Ол Маяковскийдің, Ахматованың шығармаларын қазақшаға аударды. Сауатты, мәдениетті адам болды.

Бүгінгі шарадан жастар рухани азық алды. Көбі Евней Арыстанұлын жақсы біледі. Оның шын есімінен де хабардар.

МЕЙРАМБЕК СӘРСЕНБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Евней Бөкетов – үлгі тұтарлық тұлға. Оның шын есімі – Ибн-Ғабиден. Есімін анасы коммунистік қоғамға байланысты өзгерткен.

Гүл шоқтарын қою рәсімінде алдыңғы толқынның өтініш-тілегін де қағазға түртіп алдық. Аға-апаларымыз академиктің мерейтойына орай ескерткіш орналасқан аумақ ретке келтірілгенін қалайды.

 

Байболат Құлтанов