Спорт

Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы Әділ Бекетаев Петропавлға келді

Бүгін Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, жерлесіміз Әділ Бекетаев Петропавлға келді. Спортшыны жақындары мен облыстық спорт басқармасының өкілдері және жанкүйерлері салтанатпен күтіп алды. Ол хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының беткеұстар қорғаушысы болып табылады. Теріскейлік қазіргі таңда еліміздегі ең атақты елордалық “Барыс” клубының сапында өнер көрсетеді. Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны қарсы алу шарасынан байқауға болады. Ізбасарлары танымал имек таяқ шеберінің қасынан шықпай, қолтаңбасын алып жатты. Айта кету керек, Әділ Маратұлы күллі жаһан көз тіккен доданың ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шыққан болатын.

ӘДІЛ БЕКЕТАЕВ, хоккейден қысқы Азия ойындарының жеңімпазы:

– Хоккеймен 7 жасымнан бері айналысамын. Осы күнге дейін жеткен жетістіктерім аз емес. Аталған спорт түрін таңдағаныма еш өкінбеймін. Имек таяқты жай адам қолына алмайды. Тек мықтылар ғана хоккейге барады. Алда жоспар көп. Мамыр айында ел құрамасы сапында әлем чемпионатында бақ сынайтын боламын.

 

Нұрасыл Ахмет