Оксана Кузьминаның қос-қостан мысығы мен иті бар. Нәзікжанды Ойқала ықшам ауданында тұрады. Бір иті байлаулы тұрса, екіншісі бос жүреді екен. Бірақ, ешкімге зияны жоқ, қаппайды, алысқа кетпейді дейді. Одан бөлек жануарлардың бірде-біреуіне чип тағылмапты, есепке қойылмапты. Алдағы уақытта тағы да тасқын болатын болса, үй жануарларының иесін табу қиынға соқпақ. Тіпті, көшеге шығып жоғалып кетсе, чипсіз іздеп табу оңай болмайды.
ОКСАНА КУЗЬМИНА, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– Өткен жылы топан судың астында қалғанда жануарларымды бірге ала кеттім. Қалада тұратын туысқандарыма апарып тастадым. Олардың қауіпсіздіктеріне баса мән беремін. Бірақ, чип салу қажеттігін білмедім. Жақын арада міндетті түрде осы мақсатпен ветеринарлық орталыққа жүгінемін.
Тәртіп сақшылары мен ветеринария саласының мамандары қала тұрғындарына ит-мысықты үйде ұстау, чип салу және серуендету тәртібін түсіндіру бойынша профилактикалық шара өткізіп жатыр.
МАДИАН ТЮГУМБАЕВА, СҚО ветеринария басқармасы бөлімінің бас маманы:
– Үйде жануар ұстайтын азаматтардың барлығы заң бойынша оларды есепке қоюы қажет. Тиісті заң 2023 жылдың күзінде күшіне енген болатын. Тұрғындар қаладағы кез келген ветеринарлық орталыққа барып, чип салдырта алады. Есепке қойылған жануар жоғалып кетіп, табылған кезде қожайыны сол чипті сканерлеу арқылы анықталады.
Мамандар бірнеше үйді аралап шықты. Тұрғындардың дені жануарларына чип тақпаған.
Полиция қызметкерлері тиісті ережені бірінші рет елемеген тек ескерту жасады. Ескерту келесі жолы да еленбесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал заңды тұлғаларға 30 АЕК айыппұл қарастырылған. Тағы бір мәселе – жер үйде тұратын азаматтардың дені иттерін байламайды, көшеге бос қоя береді. Егер қабаған ит көшеде осылай еркін жүрсе, өзгелерге қауіп төндіреді. Облыста жыл басынан бері итін байламаған, серуен кезінде тұмылдырық тақпаған 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Мәдина Қаби