Бескөл ауылында айналаны тазалау жұмыстары бастау алды. Бүгін елді мекен тұрғындары мен түрлі ұйым қызметкерлері ұйымшылдық танытып, ойын алаңдарын қоқыстан арылтуға білек сыбана кірісіп кеткен.
ГҮЛЖИХАН БАШИНОВА, Қызылжар ауданы жастар ресурстық орталығының өкілі:
– Алаңға өзімнің де балаларым ойнауға келеді. Бүлдіршіндерім ойнайтын жердің таза болғанын қалаймын.
ЖАНАТ ЕЛЕУСІЗОВ, Қызылжар ауданы мәслихатының төрағасы:
– 5 жыл бұрын салынған футбол алаңдарының маңайын тазалап, жөндеп жатырмыз. Басқа жақтарда өзге де ұйым өкілдері жұмыстарын атқаруда.
Ойын балалары жақында асыр салып ойнауды бастайды, доп қуалауға асығады. Бұл жерді тазалаудан бөлек, мамандар қақпаны дұрыстап, көше бойында жанбай тұрған жарықтарды да іске қосуда. Кейін біз ауылдың басқа шетінде тер төгіп жатқан жандардың жұмысымен танысуға келдік. Ұлағатты ұстаздар да “Таза Қазақстан” акциясы аясында жүргізіліп жатқан шараға белсенді қатысуда. Мұнда бос жүрген жан жоқ, барлығының қолында – тырнауыш пен сыпырғыш, кейбірі қап ұстап, шашылып жатқан бөтелке, қағаздарды жинастыруда.
ҚАЙЫРБЕК АБДРАХМАНОВ, №2 Бескөл орта мектебінің қызметкері:
– 2-ші мектептің барлық қызметкерлері бүгінгі акцияға белсенді қатысып жатыр. Таңертең мектеп алдын жинастырған едік, енді осы жерге келіп отырмыз.
Мұнымен маңызды іс тоқтап қалмайды. Бескөлдіктер мұндай сенбіліктерді апта сайын ұйымдастырып отырмақ.
Мәдина Қаби