НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Мен қазір Заречный кентіндегі бөгеттің үстінде тұрмын. Елді мекенді айнала қоршап тұрған қорғаныс үйіндісінің ұзындығы – 1200, биіктігі 4 метрді құрайды. Қазіргі таңда тосқауылдың қапталдары нығайтылып жатыр. Маңызды жұмыс сапалы әрі тез атқарылуы тиіс. Сол мақсатта көмекке жергілікті әскерилер келді.
Өткен жылы Заречный кентінің жартысынан астамы су астында қалды. Қаншама отбасы зардап шекті. Биыл былтырғы көрініс тағы қайталанбас үшін бөгет мықтап нығайтылуы тиіс. Қазіргі таңда мұнда Қорғаныс министрлігіне қарасты 99275 әскери бөлімінің қызметкерлері аянбай еңбек етіп жатыр. Шенділердің сөзінше, олар үшін ең бастысы – тұрғындардың амандығы.
ДУЛАТ ИБРАЕВ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
– Әскери бөлімнің 20 қызметкері Заречный кентінде еңбек етіп жатыр. Күнде сағат таңғы 9-дан 18:00-ге дейін жұмыс істейміз.
Әскери бөлімнің жеке құрамы тек Заречный кентінде ғана емес, Тепличное ауылында да тер төгіп жатыр. Шенділер 3-наурыздан бастап 15 мыңнан астам қапты құммен толтырып, бөгеттерді нығайтқан. Бүгін жауынгерлердің атқарған жұмыстарын Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова көріп, оң бағасын берді. Ол әр қызметкермен сөйлесіп, хал-жағдайларын білді. Тағы бір айта кететін жайт, бүгін әскерилерге көмекке облыс орталығындағы Ұлттық ұлан академиясының курсанттары келді.
ӘДІЛЕТ ТЫНЫШБЕК, ҚР ҰҰ әскери академиясының курсанты:
– Заречный кентіндегі бөгетті нығайту жұмыстарына академияның 30 курсанты келді. Бұған дейін Тепличное ауылында еңбек еттік. “Ұлттық ұлан – ел қорғаны” деген сөз бекер айтылмаған.
Алда қауырт кезең келе жатыр. Мұндай сәтте әр секунд, әр минут аса маңызды. Заречныйдағы бөгетті нығайтып жатқан әскерилердің сөзінше, маңызды жұмыс бірер күнде аяқталады.
Нұрасыл Ахмет