Аққайың ауданының полицейлері елді елең еткізерлік жайтқа тап болды. Мамандар «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ауыл тұрғындарының бірінің үйіндегі шөптің арасынан тегіс ұңғылы тіркелмеген 2 аңшы мылтығын тауып алды. Олардың бірі сирек кездесетін Бердан винтовкасы болып шықты. Мұндай қаруды кеңестік кинофильмдердегі орманшылар мен партизандардың қолынан жиі көруге болады. Сарапшылардың пікірінше, табылған мылтық 1935 жылы жасалған. Оны ер адамның арғы атасы пайдаланған. Жәдігер тәртіп сақшыларының қолына өтті, ал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 11-ші наурызда басталған рейд аясында өңірде заңсыз сақталған 15 бірлік қару тәркіленген.
Байболат Құлтанов