ТКШ

Петропавлда су қымбаттайды

Мамыр айында петропавлдықтар коммуналдық қызметтер үшін қазіргіден көбірек ақша шығарады. Түсіндіретін болсақ, облыс орталығында сәуірдің алғашқы жұлдызынан сумен қамту және су бұруға қатысты тариф өзгереді. Алғашқысы халық үшін 16,5% қымбаттамақ, ал екіншісі 23,9% көтеріледі. Бұл ретте мынандай жаңашылдық бар. Баға тұтынылған тіршілік көзінің көлеміне қатысты бекітілмек. Яғни, әр тұтынушыға тіркелген көрсеткішке байланысты төлем есептеледі.

МАРИНА КРУГЛЯК, “Қызылжар су” ЖШС өткізу және су-техникалық бақылау қызметі бастығының орынбасары:

– Төлем сараланған тариф бойынша жасалады. Егер адам 3 текше метрге дейін су пайдаланса, 1 текше метр 113 теңге болады. Егер тұтынылған тіршілік көзінің көлем 3 пен 5 текше метрдің аралығын құраса, есептеу өлшемі 135 теңгеге жетпек. Сонымен қатар, 10 текше метрге дейін су тұтынатындар әр текше метр үшін 169 теңгеден ақша аударады. Ал көрсеткіш бұдан асып түссе, сома 226 теңгеге жетпек.

Бірақ, дүрлігуге себеп жоқ. Егер адам суды аз тұтынса, қазіргі тарифтің шамасында төлем жасайды. Ал егер тіршілік көзін молынан пайдаға жаратса, қалтадан шығатын қаржының да көлемі қомақты болмақ. Бұл ретте “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері халықты есептеуіш құрал қоюға шақырады.

МАРИНА КРУГЛЯК, “Қызылжар су” ЖШС өткізу және су-техникалық бақылау қызметі бастығының орынбасары:

– Бұрын суды есептеу құралдарынсыз пайдаланған тұтынушылар 2099 теңгеден төлем жасады. Енді 1-ші сәуірден бастап 2519 теңгеден төлейді. Тұрғындар есептеу құралдарын сатып алып, орнатулары тиіс. Сонда әжептәуір ақша қалтада қалады. Бұған біз сараланған тарифті зерттеу кезінде көз жеткіздік. Мысалы, 3-4 адамнан тұратын отбасы 20-25 текше метр су тұтынған жағдайдың өзінде 4 мың теңгенің маңайында үнемдейді.

Компания өкілдері өзгерістің себептерін атады. Айтылғанның ішінде халық арасында суға қатысты мәдениетті қалыптастыру да бар. Қызмет көрсетуші тарап тіршілік көзінің бей-берекет төгілгенін қаламайды.

– Қазақ “Судың да сұрауы бар” дейді. Суды үнемдеу керек. Бағасы өседі деп жатыр. Зейнеткерлерге қиын болады.
– Өткен айда 20 мың төледім, осы айда 30 мың төледім. Барып айтсам, “Счетчик қою керек” дейді.

 

Нұрасыл Ахмет