БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Инвестиция тарту – өңірді дамытудың бірден-бір жолы. Бұл мәселе қазір облыстық әкімдік қабырғасында қаралатын болады. Маңызды жиынға аудан әкімдері, басқарма басшылары мен белді кәсіпкерлер шақырылған. Биыл аймаққа қанша қаржы құйылады? Былтырғы көрсеткіш қандай? Жоспарды орындай алмай жатқандар бар ма? Дәл қазір осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейміз.
Өңірге инвестиция тарту мәселесіне бірінші кезекте Дархан Әмрин жауап береді. Алқалы жиынның басында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына басшылық ететін шенеунік бірнеше беттік баяндама оқып шықты. Алдымен өткен жылға тоқталайық. Былтыр облысқа қыруар қаржы құйылыпты. Көрсеткіш республикалық межеге сәл ғана жетпей қалған.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына 556 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Біз Үкімет бекіткен жоспарды 99,7% орындадық. Жекелей тоқталатын болсам, тартылған қаржының 75% астамы жеке инвестиция болып табылады. Мұнда да айтарлықтай өсім бар. Қазір 2025 жылға бекітілген жоспарды орындауға күш салып жатырмыз. Биыл аймаққа 650,2 млрд теңге көлемінде қаражат бағытталуы тиіс.
Былтырғы жоспармен биылғы жоспарды салыстыруға келмейді. Ағымдағы жылы облысқа шамамен 100 млрд теңге көп құйылуы қажет. Аз ақша емес. Бұл жерде аудан әкімдері жатпай-тұрмай күш салуы тиіс. Алайда, тізгін ұстаған тұлғалар әлі қамшы басуға асықпай отырған көрінеді. Мұны Дархан Әмрин ашық айтты.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларында өңірге 46 млрд теңге тартылуы қажет еді. Жоспар орындалмады. Шал ақын, Айыртау, Жамбыл, Мамлют, Есіл және Аққайың аудандарында көрсеткіш төмен. Әкімдер аудан аумағынан, ел шекарасынан шықпайды. Инвесторлармен байланыс орнату үшін кездесулер ұйымдастырған жөн. Басшыларды “Бір сапар – бір инвестор” қағидасын ұстануға шақырамын! Сонда өсім тіркелері айдан анық.
Қаржы тарту бағытында нәтижеге жету кілтін Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев бірінші тапқан сияқты. Петропавлдықтарға жақсы таныс азамат жетекшілік ететін ауданда жеке инвестицияның үлесі айтарлықтай басым екен. Мұны аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бас айтып, өзгелерді Руслан Әкімжанұлынан үлгі алуға шақырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өз аудандарыңызға қатысты көрсеткішті көріп отырсыздар. Сіздер инвестицияны қашан тартып, қашан игермек ойларыңыз бар? 9 айдың ішінде ме әлде жылдың соңында ма? Ондай жұмыстың қажеті жоқ. Дархан Әмрин атап өткендей, ешбір әкім инвестор іздеуге асығар емес. Бұл істе нақтылық қажет. Өкінішке қарай, мен мұны көріп отырған жоқпын.
Ғауез Нұрмұхамбетовтың сөзінше, көшті 6 аудан артқа тартып тұр. Жиын барысында аймақ басшысы солардың әкімдерін орындарынан тұрғызып, жауап алды. Микрофон ұстаған атқамінерлер жағдай көп ұзамай реттелетіндігін жарыса айтты. Нәтиже керек. Маңызды міндетке Президент жиі назар аударады. Жуырда тапсырма да жүктегенін айта кету қажет.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жақында ғана өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 4 жылды қамтитын міндет жүктеді. Елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Біз өзімізге қатысты жоспарды орындауға қауқарлымыз. Солтүстік Қазақстан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Өңірде “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылғанын көпшілік біледі. Қазіргі таңда оның аумағында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Жиын соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауаптыларға 9 пунктен тұратын тапсырма берді. Оларды орындау қажет уақытты да қадап айтты. Сонымен қатар, өңірімізге инвестиция тартуға негізделген міндеттер ұдайы талқылауда болатынын жеткізді.
Байболат Құлтанов