МТРА жаңалықтары

Кітапханашылар оқырман тарту мәселесін талқылады

Табысты кітапханалардың құпиясы. Бүгін осындай атаумен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында аудандық кітапханашылар үшін семинар өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 20-дан астам маман қатысты. Сара Жұмабекова Ғ.Мүсірепов ауданындағы балалар кітапханасында қызмет етеді. 20 жылға жуық тәжірибесі бар маманның айтуынша ауыл балалары кітап оқуға құмар келеді.

САРА ЖҰМАБЕКОВА, Ғ.Мүсірепов ауданы балалар кітапханасының кітапханашысы:

– Көбіне балалар ертегі оқып бастайды. Кейін классика, детектив кітаптарын сұрай бастайды. Тұрақты оқырмандар саны 1500 шақты болады. Оның ішінде үлкендер де, балалар да бар.

Қазіргі балаларды таңқалдыру қиын. Сол себепті, кітапхана табалдырығын аттаған баланы бірден баурап алу керек дейді мамандар. Қалай? Бүгін мамандар әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

САРА ЖҰМАБЕКОВА, Ғ.Мүсірепов ауданы балалар кітапханасының кітапханашысы:

– Семинарға осымен екінші рет қатысып отырмын. Шарадан көптеген тәжірибе алдым.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы Диана Ерсаинова жұмыс барысында заманауи әдіс-тәсілдерді жиі қолданады. Айтуынша, оның берер нәтижесі де мол.

ДИАНА ЕРСАИНОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:

– Мен бүгін “Бір шәугім шәй” деген ойын көрсетемін және этноойындар жайлы айтатын боламын. Осы тәсілдер арқылы біз кітапханаға келетін оқырман санын көбейте аламыз.

Табысты кітапхана – оқырманы көп кітапхана. Осы ретте М. Жұмабаев ауданындағы орталық кітапхана алда тұр. Мұнда 2 мыңнан астам оқырман бар көрінеді. Ғ. Мүсірепов ауданындағы кітапханаға мың жарым адам келсе, қызылжарлық білім ордасында 1200 тұрақты оқырман тіркелген.

 

Мәдина Қаби