Осыдан жарты жыл бұрын тұтас отбасыны жауыздықпен өлтірген қаскөйлерге қатысты сот үкімі шыққан болатын. Нақтырақ айтсақ, Сергей Емельянов өмір бойына, Данил Орлов 21 жыл 8 айға, ал Ирина Скоробогатова 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Шешіммен зардап шегуші тарап келіспеді. Марқұмдардың жақындары бұдан да қатаң жаза сұрайды. Бұған себеп – олар адамдарды өлтіріп қана қоймай, үйдегі барлық бағалы заттарды ұрлап кеткен. Бүгін Петропавлда осыған байланысты апелляциялық сот отырысы өтті.
Облыстық сот өкілдері даулы істі қайта бүге-шүгесіне дейін қарап, үкімге өзгеріс енгізді. Нәтижесінде Данил Орлов 23 жылын, оқиға жайында білсе де ешкімге айтпаған Ирина Скоробогатова 4 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Бірақ, отырыс соңында марқұмдардың жақындары шығарылған үкіммен мүлдем келіспейтінін айтты.
ТАТЬЯНА ПРИХОДЧЕНКО, зардап шегуші:
– Шығарылған үкіммен келіспейміз. Орловты өмір бойына, Скоробогатованы 15 жылға соттау қажет ойлаймын. Барлығы дәлелденіп тұр ғой.
Нұрасыл Ахмет