Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тасқынға тосқын: Облыс әкімі бөгеттерді нығайту жұмыстарымен танысты

Демалыс күндері облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынға дайындық жұмыстарымен танысты. Өңір жетекшісі ең алдымен Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылына барып, мұндағы нығайтылып жатқан бөгеттің сапасын тексерді. Елді мекендегі қорғаныс үйіндісінің ұзындығы 5 км-ді, биіктігі 4 метрді құрайды. Ғауез Торсанұлы жергілікті әкімдік өкілдеріне болуы мүмкін апатқа жүрдім-бардым дайындалуға болмайтынын жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бөгеттерді нығайту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы арқылы жүздеген отбасыны апаттан аман алып қаламыз. Елді мекеннің су астында қалу-қалмауы осы қорғаныс үйіндісіне байланысты. Былтырғы тасқын бәрімізге сабақ болды деп ойлаймын. Бірден айтайын, маңызды істі дұрыс атқармағандар жауапқа тартылатын болады.

Тепличное ауылындағы бөгетті нығайту жұмыстарымен петропавлдық және қарағандылық әскерилер айналысып жатыр. Олардың саны 50-ге жуықтайды. Маңызды істі атқаруға 8 тегеурінді техника жұмылдырылған. Айта кету керек, аталған елді мекенде өткен жылы 400-ге жуық үй су астында қалған. Егер мына қорғаныс үйіндісі сапалы жасалса былтырғы жағдай қайталанбайтыны сөзсіз. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасовқа еңбек етіп жатқан сарбаздарға бар жағдай жасауды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әскерилер қиын-қыстау кезеңде халықтан ешқашан көмектерін аяған емес. Олардың атқарып жатқан істері ерлікпен пара-пар. Мына сарбаздар күннің суығына қарамастан аянбай еңбек етіп жатыр. Сондықтан, әскерилерді керекті заттардың барлығымен қамтамасыз етіңіздер.

Облыс әкімінің тапсырмасын естіген Сақтаған Кәкімбекұлы әскерилер жататын жайлы орынмен және 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Ғауез Торсанұлы тексеріс барысында сарбаздармен сөйлесіп, хал-жағдайларын сұрады.
Бұл – Ойқала ықшам ауданы Ущев көшесіндегі бөгет. Елді мекенді айнала қоршап тұрған тосқауылдың биіктігі 10 метрге жуықтайды. Мұндағы бөгетке бетон плиталары төселген. Былтыр Ойқаланың толығымен су астында қалғанын ескерсек, жауапты істің сапалы атқарылғаны аса маңызды.

Содан соң облыс әкімі Былғары зауыты кентіндегі салынып жатқан бөгеттің құрылыс барысымен танысты. Мұндағы бөгетке де бетон плиталары төселген. Қазіргі таңда оларды өзара нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Елді мекендегі маңызды іс 25-ақпан күні басталды. Жауапты серіктестік қызметкерлері демалысқа қарамастан аянбай еңбек етіп жатыр. Себебі, қауырт кезең алдында әр минут, әр секунд аса маңызды. Аудан үшін маңызды нысанның құрылысы айдың соңына дейін аяқталатын болады.

Ғауез Торсанұлы бөгеттерді тексеру барысында мердігерлерге жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Алда қауырт кезең келе жатыр. Өңір жетекшісі жауапты мамандардың барлығына тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет екенін жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет