Қоғам

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығына – 20 жыл

Гүлнәр Зауырбекова 3 жыл бұрын инсульт алып, денесінің сол жақ бөлігі жансызданып қалған. Осымен үшінші инсультқа ұшырағандықтан жағдайым нашарлап кетті дейді. Нәзікжанды қазір Бескөл ауылындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығында ем алуда. Емнің шипасы тиіп жатыр. Мұнда 4 аяқты ходунокқа сүйеніп келсе, енді
таяқпен жүруді бастаған.

ГҮЛНӘР ЗАУЫРБЕКОВА, ем алушы, Ақжар ауданының тұрғыны:

– Оңалту орталығына келіп жүргеніме 2 жылдай болып қалды. Өткен жылы қыркүйек кезінде бір жатқан едім. Мұндағы ем-шаралар маған жақсы әсер етуде. Барлығы ұнайды.

Облыстық мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығына биыл 20 жыл толып отыр. Нысан Бескөлде орналасқан. Орталықта қазір 14 адам ем алып жатыр, оның 3-еуі – күндізгі бөлімде. Яғни, олар мұнда күн сайын санаулы сағатқа қана келсе, қалғаны 2 апта бойы осы жерде жатып емделеді. Науқастар орталыққа дәрігердің жолдамасымен келеді.

НҰРЛАН СҰЛТАНҒАЗИН, СҚО Мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының басшысы:

– Бізде 9 түрлі ем-дом бар. Олар; физиотерапия және оның ішінде бірнеше түрі, массаж, әлеуметтік, педагогикалық, дене шынықтыру сияқты ем-домдары бар.

Орталықтағы емдік дене шынықтыру кабинеті аяқ-қолдың қимыл-қозғалысын ретке келтіруге құрал-жабдықтармен қамтылған.

АҚНҰР БАЙҒАРИНА, СҚО Мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының емдік дене шынықтыру медбикесі:

– Әр құрылғының қойылатын жылдамдығы бар. Науқастардың жағдайына қарап, әрбір науқас әртүрлі жылдамдықта қозғалады.

Облыстық мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы жуырда 6 млн теңгенің құрал-жабдығымен толыққан. Сондай-ақ, күндізгі бөлімде ем қабылдайтын жандарды тасымалдауға арналған қос көлік сатып алынған. Орталықта 12 ақ халатты еңбек етеді.

НҰРЛАН СҰЛТАНҒАЗИН, СҚО Мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының басшысы:

– Кейбір кісілер бізге 10 жыл бойы қатарынан келіп жүреді. Олардың қазір нәтижелері де жақсы. Негізі, бізге жылына 2 рет келуге болады.

Жалпы, оңалту орталығында өткен жылдан бері 300-ге тарта науқас ем қабылдаған.

 

Мәдина Қаби