ТЖ

Министрдің сапары: Ауылдағы ерікті өрт сөндіру құрылымы техникамен қамтылды

Өңірімізге ат ізін салған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында болды. Елді мекендегі “Зенченко и К” КС базасында ерікті өрт сөндіру құрылымы құрылған. Енді бұл топ шақырту орнына заманауи техникамен барады. Ведомство басшысы теріскейлік мамандармен тілдесе келе қызметтік көліктің кілтін ұстатты.

– У нас 7 населенных пунктов. Везде есть дорога.

Қызметтік көлік Новоникольское мен маңайындағы ауылдар арасында жүйткімек. Ауысым бойынша тер төгетін 20 қызметкер бар. Оларға мемлекет тарапынан арнайы киім мен жабдықтар да берілген. Министрлік біліктілік жайын назарсыз қалдырмаған. Жауапты міндет жүктелген жігіттер мен байланыста отыратын азаматшалар үнемі оқыту курстарына қатыспақ.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі Бескөлде орналасқан. Өте алыс. Әр ауылда осындай құрылым болу керек. Бұл жігіттерді біз оқытамыз. Келешекте радиобайланыспен жабдықтаймыз.

Айта кету қажет, еліміздің елді мекендерінде еріктілерден тұратын топ құрып, оларды қажетті дүниелермен қамту жұмысы министрліктің “Ауыл құтқарушылары” жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Бас құтқарушы серіктестік аумағында өңірдегі су тасқынына қатысты да пікір білдірді. Сөзінше, биыл екі аяқ бір етікке тығылмауы тиіс.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Жаңа әкіммен кездестік. Жауапты тұлғалар есеп берді. Ауқымды жұмыс атқарылған. Биыл жағдай тұрақты болады деп ойлаймын.

 

Байболат Құлтанов