ТЖ

Қызылжар ауданында құтқару кешені ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында бірегей құтқару кешені пайдалануға берілді. Жаңа мамандандырылған нысанның ашылуы Қызылжар ауданы Тепличный ауылында өтті. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті біздің құтқарушыларымыз, бүгін Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды оқиға. Наурыз мейрамын тойлау күні бізде СҚО жедел-құтқару жасағының кешені ашылуда. Неліктен біздің облысымыз үшін маңызды іс-шара? Себебі, дәл осы нысанда біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Салтанатты жағдайда министр құтқарушыларға жаңа кешеннің кілтін табыстады. Сондай-ақ, іс-шараның бірінші кезеңінде ТЖД бірқатар қызметкерлерінің, апаттар медицинасы орталығының әскери қызметшілері мен дәрігерлерінің еңбегі атап өтілді. Олар грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қызыл лента кесілгеннен кейін министр мен аймақ басшысы жаңа нысанның жұмысын тексерді. Модульдік типтегі ғимаратқа кезекші ауысым бөлмесі, спорт залы, доңғалақты техника мен жүзу құралдарына арналған гараждар, жөндеу блогы және оқыту орны кіреді.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Свое здание, своя, скажем так, инфраструктура, гаражи. Возможность есть такая. Мы еще на улице не смотрели. Там еще кинологический, да, у нас есть? – Да, собаки отдельно. – Каски хорошие. – Каски новые.

Кешен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл кез келген жағдайда тиімді жұмысты қамтамасыз етуі тиіс. Құтқарушыларға 15 бірлік арнайы техника, оның ішінде жоғары өтімді автомобильдер мен жерүсті көліктері сатып алынған. Көліктердің бірі кинологтар мен олардың қызметтік иттерін тасымалдауға арналған.

АРТЕМ САВИН, СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің басшысы:

– Жедел-құтқару жасағына 15 бірлік техника сатып алынды. Бұл – “Хайлюкс” автомобильдері және “ТРЭКОЛ-ДЕЛЬТА” жол талғамайтын көліктері. Есіктерді шұғыл ашу үшін апаттық-құтқару құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ апат орнында жұмыс істегенде шұғыл шығу және көмек көрсету үшін жағдай жасалған.

Кешен аумағында иттер үшін 6 қоршау орнатылған. Нысан 900 шаршы метрден асатын аумақты алып жатыр. Ол солтүстік аймақтың климаттық жағдайларын ескере отырып, жеке жоба бойынша республикалық бюджет есебінен жобаланып салынған.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Бұл өңірге жақсы серпін береді. Біздің қызмет көрсету деңгейіміз өседі деп ойлаймын. 100% құтқару техникасы жаңарып жатыр. Ескі техника, бұрыңғы, заманға сай емес техника жоқ. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Қызметтік борышымызды орындауға барлық жағдай жасалған. Біздің қызмет көрсету деңгейіміз өседі. Оған 100% сенімдімін.

Іс-шара соңында ведомство басшысы мен облыс әкімі жаңа кешен аумағына жас қарағай ағаштарын отырғызды. Айта кетейік, ТЖД бөлімшесі авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарының кең спектрін орындайды. Департаменттің мәліметінше, тек 2024 жылы ғана солтүстікқазақстандық құтқарушылар 2000-ға жуық сапар жасап, 127 азаматтың өмірін сақтап қалған.

 

Байболат Құлтанов