Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері бірінші көтергіш сорғы станциясында болды. Белсенділер стратегиялық тұрғыда аса маңызды саналатын бұл нысанға бекерден-бекер келген жоқ. Былтырғы көктемде нысанды су басып, халық тіршілік көзінсіз қалғаны белгілі.
– Былтыр судың деңгейі есіктің ортасымен бірдей болды. Сол үшін іштегі жабдықтарды 3 метрге көтердік.
Станция аумағындағы тас қоршау бірден көзге түседі. Ол биыл әжептәуір көтеріліпті.
– Қоршаудың үйіндісі 4 жарым метрді құрайды. Ол станцияны толық қоршап тұр.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұл қоршау биік әрі өте берік. Менің оң жағымда бетондар жатыр. Арасынан су өткізбейтін материал жіберілген. Ал мына жақта сым тордың ішіндегі қиыршық тастар.
Өткен көктемде жағалай ауыз су іздеуімізге бірден-бір себепші – өзен-көлдің бетінегі мұз. Былтыр жеңіл көліктің көлеміндей кесектер жоғары ағыстың нәтижесінде жолындағының барлығын бұзды.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
– Былтыр бағандарды мұз қиратты. Электр қуатынсыз қалдық. Сол үшін биыл жердің астынан кабель өткіздік. Оларды қосып қойдық.
Сонымен қатар, станциядағы сорғылар жаңасына ауыстырылып жатыр. Бүгінде істің жартысы аяқталған. Бұған дейін орнатылған қос сорғының жұмысы мамандардың көңілінен шығыпты.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
– 4 сорғының 2-еуін орнаттық. Сорғылар Германиядан әкелінді. Әлемге танымал өте сапалы сорғылар қойылды.
Қалған екі сорғы тасқыннан кейін орнатылмақ. Жалпы, бірінші көтергіш сорғы станциясындағы қайта жаңғырту жұмысы жаздың басында аяқталуы тиіс. Арнайы топ жоспармен танысты. Тілдесу соңында ұсыныс білдірді.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Қоғамдық кеңестің ұсынысы бар. Станция маңындағы су айдындарының мұзын жару керек. Қалалық әкімдік осыны назарға алса дейміз.
Жеңіс Сұлтанов бұл мәселеден хабардар. Жақында тиісті органдарға, адамдарға жүгініпті. Жақын арада мұз жару жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Байболат Құлтанов