«Ахуалдық орталық» соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Бұл жерден дәл қазір су басу қаупі жоғары аудандардағы жағдайды бақылауға мүмкіндік бар. Ондағы ахуал дрон арқылы бақылауға алынып, орталыққа нақ осы мезет жайлы ақпараттар бірден түсіп отырады.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– Бұл жерден төтенше жағдайлар департаменті мамандары интерактивті форматта облысымыздағы су басу қаупі бар аумақтардағы ахуалды бақылап отыруға толық мүмкіндік бар. Су басқан үйлер, зардап шеккендер мен эвакуацияланған адамдар, жолдардың жағдайлары жайлы ақпарат бірден осы жерге түсіп отырады.
Жаңа жүйе әзірге су басу қаупі жоғары 7 аудан мен Петропавлдағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Оталықтағы ақпараттар үш сағат сайын автоматты түрде ұшырылатын 8 дронның бейнебақылау есептері арқылы жаңарып отырады.
Өткен жылғы су тасқыны жалпы еліміз үшін үлкен сабақ болды. Мақсат – биылғы жылы ондай шығынға жол бермеу.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Су тасқынының алдын алу жұмыстарын бір күнге де тоқтатқан жоқпыз. Новоникольск, Заречный, Соколовка елді мекендеріндегі барлық айналма каналдар дайын. Бөгеттер жаңа жылға дейін тұрғызылған болатын. Қазіргі күні оларға полипропилен жабындыларын төсеу, қала маңындағы бөгетті бетон плиталарымен нығайту жұмыстары аяқталып қалды. Бұл мақсаттарға облыс бюджетінен 6 млрд 800 млн, «Демеу» қоры арқылы тағы 1 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінген болатын ол толығымен игерілді.
Қазгидромет мамандары сырттан ағып келетін су көлемі ұлғаймаса, Сергеев су қоймасындағы биылғы жылғы су мөлшері өткен жылғыдан төмен болуы керек деп болжап отыр.
Петропавлдағы Ущев көшесі маңында тұрғызылған бөгетті бетон плиталарымен нығайту жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жылы бұл жерде, сонымен қатар, суда құтқару станциясының құрылысы да басталады. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері мен облыс әкімі құрылысқа бөлінген жер телімін көріп, Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы маңындағы бөгетті нығайту жұмыстары барысымен танысты. Оған Қарағанды қаласынан келген 52859 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылды. Олар қазір инертті материалды қаптап, бөгетке полипропилен жабындысын төсеумен айналысып жатыр. Шыңғыс Әрінов бастаған арнайы жұмыс тобы осы күні Новоникольск елді мекенінде ерікті ауыл құтқарушыларынан жасақталған өрт сөндіру бекетінде де болды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс тобы Аққайың ауданында орналасқан №9 өрт сөндіру бөлімінде де болды. Қазіргі күні бұл жерде 26 адам еңбек етеді. 5 арнайы техника бар. Алайда, қолданыстағы екі ғимарат та ескірген. Бірі 1966 жылы салынса, екіншісі 1984 жылы қолданысқа берілген. Аудан әкімі министрлік өкілдерін өрт сөндіру бөліміне жаңа ғимарат салу жайындағы сызбамен таныстырды. Блокты-модульден тұрғызылатын жоба құны 1 млрд 600 млн теңгеден асады. Онда гараж, жұмыс кабинеттері мен жатын бөлмелерден бөлек спорт залы, жаттығу залы, футбол алаңы да бар. Нысанның материалдық-техникалық базасымен танысқан Шыңғыс Әрінов, жаңа жоба қолайлы екендігіне тоқталып, қаржыландыру мәселесін қарастыратындығын жеткізді.
“Қызылжар” телеарнасы