Спорт

Таяуда теріскейді төрткүл дүниеге танытқан спортшылар облыс әкімінің қолынан марапат алды

Солтүстікқазақстандық спортшылар облыс намысын ешқашан жыққан емес. Толағайларымыз барған дүбірлі додаларынан жүлдесіз қайтпайды. Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлыстың ұлы күнінде ағымдағы жылы тарихи жетістікке жеткен теріскейлік спортшыларды марапаттады.

Ғауез Нұрмұхамбетовтің қолынан алғаш болып парабиатлоннан әлем чемпионы Ербол Хамитов марапат алды. Қанша киындық көрсе де мойымай, күллі жаһанға өзінің мықтылығын дәлелдеген толағайымызға өңір жетекшісі бүгін су жаңа автокөліктің кілтін табыстады.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парабиатлоннан әлем чемпионы:

– Алға қойған мақсаттарым жетерлік. Менің басты арманым – 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарында чемпион атану.

Қазақ күресінен әлем чемпионы Мейіржан Берекетовті білмейтін теріскейлік жоқ шығар. Бозкілем шебері жарты жылдың ішінде 2 әлемдік додада жеңімпаз атанған. Жауырыны жер иіскемеген палуанға бүгін өңір жетекшісі 2 бөлмелі пәтер сыйлады.

МЕЙІРЖАН БЕРЕКЕТОВ, қазақ күресінен әлем чемпионы:

– Облыстық әкімдік пен спорт басқармасына қолдаулары үшін алғысым шексіз. 2018 жылдан бері теріскейдің намысын қорғап келемін. 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атандым. Биыл Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатында чемпион болып, әнұранымызды шырқаттым.

Салтанатты шарада әлемдік додаларда атой салған Наталья Богданова, Александр Герлиц және Надежда Морозоваларға қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Теріскейдің атын әлемге танытып жүрген спортшыларымыз қай кезде болмасын құрмет лайық.