Қоғам

Петропавлда “Бауырсақ fest” фестивалі ұйымдастырылды

Бауырсақ fest. Бүгін орталық алаңда осындай атаумен бауырсақ жеуден байқау өтті. Жарыста көпшілікке ортақ ереже бар. Кім бірінші алдында тұрған бауырсақты жеп тауысады, сол жеңімпаз атанады. Алғаш болып мықтыны ерлер анықтады.

Сайыста қала тұрғыны Еркін Сейітов алдына жан салмады. Байқауда ол белгіленген уақыт ішінде дәмі тіл үйіретін 5 бауырсақты бәрінен бұрын тауысты.

ЕРКІН СЕЙІТОВ, байқауға қатысушы:

– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Қазақстандықтарға жақсылық пен толағай табыстар тілеймін.

Сайыстың көркін бұрымдылар аша түсті. Қатысушы саны – бесеу. Қыздарға қойылған талап ерлерге қарағанда оңайырақ. Нәзікжандылар 1 минуттың ішінде 3 бауырсақ жеуі керек. Сайыста көпшілік қыздар талапты орындай алмайды деп топшылады. Бірақ, олар қас қағым сәтте дәмді бауырсақтарды тауысып қойды.

СӘБИНА ГУДЕНКОВА, байқауға қатысушы:

– Сайысқа қатысып, сыйлық ұтып алғаныма өте қуаныштымын. Барлығына рахмет.

Содан соң кезек жеткіншектерге келді.

Орталық алаңдағы мерекелік шара “Super әже” байқауымен жалғасын тапты. Сайыста ақ жаулықты аналарымыздың білімі сыналды. Оларға қойылған сұрақтар ұлттық құндылықтарымыз жайлы болды.

Байқауға қатысқан ақ жаулықты апаларымыз сұрақтарға кідірмей жауап бергені көңіл қуантады. Өскелең ұрпақты осындай білімді аналарымыз тәрбиелесе, болашақта еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Бас алаңда болған думаннан кейін тұрғындардың барлығы қалалық әкімдік алдына ағылды. Мерекелік шараға жиналған жұрттың қарасы қалың.

 

Мәдина Қаби