ДАНАШ ХАМЗА, тілші:
– Мамлют ауданының тұрғындары Наурызды мерекелеуге ерекше дайындалған. Мерекелік бағдарлама ауқымды. Мұнда ақшаңқан киіз үйлерден этноауыл құрылған. Тіпті, әрқайсысына атау беріпті. Мәселен, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Ассамблеяның 30 жылдығы, Жұмысшы мамандықтар жылы, Абай Құнанбаевтің, Сәбит Мұқановтың мерейтойына арналған киіз үйлер де бар.
Той-думан Мамлюткадағы “Достық” саябағында өтті. Халық күннің суықтығына қарамастан көп жиналды.
Жас та, кәрі де осында жүр. Қауым алдына Қыдыр ата шығып, елге батасын берді.
Бұдан кейін той тойға ұлассын деген ниетпен шашу шашылып, жиылған қауым бауырсақтан ауыз тиді.
Наурызды мерекелеуге аудан әкімі Елена Степаненко да ортақтасты. Елена Федоровна аудан халқын әз-Наурызбен құттықтап, береке-бірлік тіледі.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
– Ауданда Наурыз мейрамының аталып өтілуіне ерекше мән беріледі. Біздің ауызбіршілігіміз – көпке үлгі. Өңірдің әр азаматы, әр отбасы өзінің еңбекқорлығымен және адалдығымен қоғамның, елдің дамуына зор үлес қосып келеді. Біздің ұйымшылдығымыз осы әз-Наурызда ерекше айқындала түседі. Келіп жеткен шуақты мереке құтты болсын!
“Әкім бол, халқыңа жақын бол” демекші, Елена Степаненко мамлюттіктермен шүйіркелесіп, құрған шаңырақтарымен танысты. Алаңды айнала құрылған киіз үйлер мен шатырларда әр ұлттың салт-дәстүрі паш етілген. Соның бірі – “Лад” славян этномәдени бірлестігі. Мұнда келген әр қонақты “Караваймен” қарсы алды.
Ұйым мүшесі Вера Смольниченко ұлтаралық мызғымаз татулық – Қазақстанның мақтанышы. Бұл құндылықты бағалай білу керек деді.
ВЕРА СМОЛЬНИЧЕНКО, “Лад” славян этномәдени бірлестігінің мүшесі:
– Содружество русского народа и казахского народа. Мы всегда жили и будем жить в мире. С праздником!
Айта кету керек, жуырда Мамлют ауданындағы этномәдени бірлестіктердің қатары толықты. Армяндардың “Арарат” деп аталатын жас ұйым өкілдері бүгін мерекеге өз үлестерін қосып жатыр.
Сәбит ауылына аудандық білім саласының мамандары жайғасқан. Білімді де, өнерлі жандар қонақтарды домбырамен қарсы алып, Саумалық салтын көрсетті. Яғни, адамдар саумалық айтып, жақсы тілек тілейді.
Наурызда “Ақ мол болсын, дастархан берекелі болсын!” деген тілек көп айтылады. Бүгін аудан орталығында дастархан атаулы түрлі ұлттың тағамдарына толы болды. Кез келген адам далада қазанда пісірілген палаудан дәм татып, самауырда қайнатылған шәй ішті. Ашық аспан астындағы той думан жанға шуақ сыйлайтыны сөзсіз.
Бүгін мерекеде асқан қонақжайлылық танытқан Әжелер тобының еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Ақ жаулықты аналар Береке ауылына жайғасқан екен. Құрылғандарына шамамен 2 жыл болған ұйым мүшелері қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп жүр.
АЙГҮЛ ЖӘКЕНОВА, Мамлют ауданы Әжелер тобының жетекшісі:
– Қазақтың мәдениет, салт-дәстүрін көркейтейік, көтерейік, алға қарай ұмтылайық деп сол себеппен ортаға шығып жүрміз.
Мамлют ауданының орталығындағы Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл – сол жерге жиналған жұртшылықтың ортақ пікірі. Шаттана алтыбақан тебіскен балалар да, әуезді әнге билеген үлкендер де жерлестерін мейраммен құттықтап, бақ-береке тіледі.
Данаш Хамза