Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжарда Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды

Аққайыңдар өлкесіне көктем келді, Наурыз келді. Ұлыстың ұлы күні облыс орталығында жылда кең көлемде тойланады. Биыл да Петропавлда сәні мен салтанаты жарасқан думан ұйымдастырылды. Тойшыл қауым топтасқан аумақта ат шаптыруға болады.

Салтанатты шараның негізгі бөлігі өтетін жерде алматылық өнерпаздар тұр. Олар жұрттың назарын бірден аударады. Дауылпаз ұрып, карнай үрлеген жігіттер думанның сәнін келтірді.

Жігіттердің өнерін жиналғандар сүйсіне тамашалады. Қонақтарға қаламыз ұнапты.

УМУТ МАСИМОВ, карнайшы, Алматы қаласы:

– Петропавлға арнайы келдік. Карнайдың ұзындығы 1 метр 60 см құрайды. Дыбысы алысқа естіледі.

Орталықта алтыдағы бала да, алпыстағы ақсақал да болды. Бірқатары ұлттық киіммен жүрді. Мұрат ағамыз бен Ұмсындық апамыздың талғамы көз сүйсіндіреді. Оюлы шапан мен қамзол киген ерлі зайыпты Наурызды асыға күтеді екен.

МҰРАТ ЖАНТІЛЕУОВ, қала тұрғыны:

– Отбасын құрғанымызға 50 жылға жақындады. Былтыр балалармен келдік. Биыл өзіміз келіп отырмыз. Достарымыз осында. Қазір кездесіп, бір-бірімізді құттықтаймыз. Еліміз аман болсын!

Сахна орналасқан аумақта бірнеге киіз үй тігілген. Бірі атақты жазушы Сәбит Мұқановқа арналыпты. Мұнда қаламгердің немересі Ләйлә Мұқанова болды. Оны аймақ басшысы мейраммен құттықтап, гүл шоғын сыйлады.

Бұл сәтте далада салт-дәстүріміздің бірі көрсетілді. Әулеттің үлкендері құдалары жиенге арнайы әкелген атқа баланы отырғызды. Мұның куәсі болған үлкендер тізгін тартар ұланға бата берді. Көп ұзамай көпшіліктің назары сахнаға ауды. Ортада Ұлыстың ұлы күнінде ел ішін аралап, ақ батасын беретін Қыдыр ата. Жиналғандар қол жайды.

Наурыз – тарихы тереңде жатқан жарқын мереке. Мейрам елдің бірлігін арттырады. Бұрындары қазақ халқы жыл басын жұмалап тойлаған. Игі дәстүр ұмыт қалған жоқ. Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен байырғы қағида қайтадан қолға алынды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Былтырдан бастап Наурыз жаңа форматта тойланады. Наурызнама аясында өңірімізде 700-ден астам шара ұйымдастырылды.

Мерекеде ән-жырдан да шашу шашылды. Жергілікті өнерпаздар әр жанның жүрегіне жол тапты.

Басты алаңдағы халық арқа-жарқа. Жерлестеріміз бір-бірін құттықтауда. Дүйім жұрттың арасында бүркіт ұстағандар, батырдың сауытын кигендер де болды.

– Құрметті қонақтар, құрметті қала тұрғындары, Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!
– Батырдың сауытын киіп келдім. Баяғыда батырлар осылай елдің тыныштығын күзеткен.
– Барша қазақ елін, қазақ елін құттықтаймын! Қазақ елін жасай берсін!

Алаңның келесі жақ бөлігінде спорттық ойындар ұйымдастырылды. Палуандар күресті, қатысушылар тоғызқұмалақ ойнады, асық атты. Тәуелсіздік стеласы тұсында жұмысшы мамандықтарға оқытатын колледждер киіз үй тіккен. Әрқайсысында мамандықтар жайлы кеңінен айтылды. Аймақ басшысы барлығына бас сұқты. Бұдан кейін өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан Конституциясы көшесімен жүріп өтті. Жақында аталған көшеде қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Ол жоспар бойынша 3 жылдың ішінде аяқталады.

 

Байболат Құлтанов