Қоғам

Университет студенттері мен оқытушылары Наурыз мейрамын тойлады

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Көктем келісімен барша жұрт Наурыз мерекесін асыға күтетіні жасырын емес. Өйткені, елімізде Ұлыстың ұлы күнін думандатып тойлау дәстүрге айналған. Жергілікті университеттегілер де қалыс қалып жатқан жоқ.

Асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, бесасық, білек күшін сынастыру. Университет алаңында осындай ұлттық ойындар ойнатылып жатыр. Ақбота Әдікен достарымен киіз үй ішінде бесасықтан баптарын сынауда. Оның бұл спорт түрімен айналысқанына 3 жылға жуықтаған.

АҚБОТА ӘДІКЕН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Бесасықтан облыстың чемпионымын. Бізге ойында 3 мүмкіндіктен беріледі. Оның барлығы уақытпен есептеледі. Ойында 12 кезең бар. Ең соңғы кезеңінде ұпай саны анықталады.

Университет өкілдері 3 киіз үй тіккен. Іші ұлттық бұйымдармен безендіріліпті. Қабырғаға ілінген ақын-жазушылардың портреттерін де көруге болады. Мақсат – шаңыраққа кірген қонақты қазақ халқының бай тарихымен таныстыру.

БОТАГӨЗ ҚОЖАБЕКОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ музейінің жетекшісі:

– Бұл жерде университтетің тарихы және қазақтың тұрмыс-салтына байланысты көрме ұйымдастырылды. Мұнда өзіміздің шежіре, ұлы тұлғалар, қазақтың бұрын қолданған заттары қойылған.

Думан мекенінде спорттық ойындарға арнайы орын бөлінген. Қазір ортада жастар асық атып жарысуда.

Бас төреші Өмірсерік Қасымовтың сөзінше, асық ойнаудың еш қиындығы жоқ. Дәлдік пен ептілік болса жеткілікті дейді.

ӨМІРСЕРІК ҚАСЫМОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ магистранты:

– Асық ату ойынында балалар екі жақтан бір-бірден тұрып, ортадағы асықты атады. Жеті минут беріледі. Екі таймнан ойнайды. Сол аралықта кім көп асық ұтып алса, сол жеңіске жетеді.

Мұнда концерттік шара да қанат жайды. Татулығы жарасқан студенттер әуезді ән де шырқап, мың бұрала би де биледі. Өнерпаз ұл-қыздар дайындаған өнерлерін дүйім жұртқа паш етті.

Білген жөн, Наурыз кешірім мен мейірімнің мейрамы. Осы орайда студенттер мен оқытушылар дүбірлі думанның білім ордасында тойланып жатқанына дән риза. Бір-бірін құттықтап, арқа-жарқа болысуда.