Спорт

Спортпен шұғылданған жастан ел ертеңін ойлайтын азамат шығады

Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ерекше шара ұйымдастырылды. Басқосу “Ұлттық спорт күніне” арналды. Спорт ардагерлері құрметті қонақ ретінде шақырылған жиынға мектеп оқушылары қатысты. Аға буын өкілдері ұл-қыздарға өздерінің өмір жолдары туралы баяндады. Талай шыңды бағындырған танымал азамат Виктор Денисенко спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, ерік-жігері күшті болатынын айтты. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

ВИКТОР ДЕНИСЕНКО, спорт ардагері:

– Спорттың бірнеше түрімен 50 жыл айналыстым. Еш өкінбеймін. Зор жетістіктерге жеттім. Бұған себепші өзімнің еңбекқорлығым мен жаттықтырушым деп білемін. Егер бағыт-бағдар берген адамың мықты болса, толағай табыстарға жетесің. Қазіргі таңда жастар спортқа қызықпайды. Телефонға ынтық. Ұл-қыздардың күреске, боксқа, тағы да басқаларына деген қызығушылықтарын арттыру үшін осындай жиындар көптеп өткізілсе деймін.

Кездесуге келген оқушылар спортпен айналып жүрген жастармен де танысты. Олар бокс, семсерлесу, армлестинг және тоғызқұмалақ сынды үйірмелерге барады. Жалынды жастар өз шеберліктерін ортаға салды.

Жақында ғана әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген Наталья Богданованың жеке жаттықтырушысы Дастан Қабденов жас шәкірттерін ерте келіпті. Маман тәрбиеленушілері арқылы қорғану және соққы жасау тәсілдерін көрсетті.

АЯУЛЫМ СЕЙІТЖАН, әл-Фараби мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы:

– Спорт жайлы мол мағлұмат алдым. Спорт – денсаулық кепілі. Мен өзім волейболмен айналысамын. Спорттың арқасында бірнеше қалаға бардым, таныстарым көбейді.

Шара соңында залдағы оқушылар жас спортшылармен күш сынасты. Мәселен, білек күштерін сынады. Осындай кездесулер балалардың спорт үйірмелеріне жазылуына, ертең түрлі жарыстарда атай салуына себепші болуы мүмкін.

 

Нұрасыл Ахмет