Жалынды жастарға салқын жел мен әлсін-әлсін жауып тұрған жаңбыр кедергі емес. Петропавлда Наурыз мейрамына арналған ерекше шара ұйымдастырылды. Мереке қарсаңында құлпыра түскен қаламыздың орталығында қыз-жігіттер “Қара жорға” биін биледі.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, СҚО ҚХА жастар қанатының төрайымы:
– Флешмобқа қаланың әрбір колледжінен 10-15 шақты студент келіп отыр. Шараны “Наурызнама” онкүндігі аясында өткізіп отырмыз.
Сырт көзге қарапайым шара болып көрінеді. Алайда, “Қара жорғаның” қазақ халқы үшін маңызы зор. Ол ұлттық болмысты ұсынады, сол арқылы тарих пен тәрбиені ұғындырады. Біле білген адамға бұл бидің буындар үшін пайдасы зор. Ырғақты қимыл бойды жазады, қан айналымын ретке келтіреді.
– Жастардың билеп жатқан билері өте тамаша. Осы жерден өтіп бара жатып, байқап қалдым. “Қара жорға” биі өте әдемі екен. Барлығын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын.
Петропавлдық белсенді жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы мерекелерде де көпшілікті қуантуды, бірлікті насихаттауды жалғастырмақ.
Мәдина Қаби