Облыс әкімі алдымен Дмитриевка ауылындағы су мұнарасы мен сорғы станциясының құрылыс нысанына барды. Бұл станция Тимирязев ауданының 9 елді мекенін сумен қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Алайда, мердігерлер материалдарды жеткізе алмай және жұмыс күші тапшылығы салдарынан ол баяу жүрді. Дегенмен, қазір құрылыс қайта жанданды. Жоспар бойынша нысан осы жылдың мамыр-қазан айларында толық аяқталады.
ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:
– 2023 жылы қаржыландырудың болмауына байланысты жұмыстар мүлдем тоқтап қалды, ал былтыр мердігерді сотқа бердік. Биыл жобаны аяқтауға қажетті қаржы бөлініп, қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары мен техникалық қадағалауға арналған конкурстық рәсімдер басталды.
Бұдан әрі өңір басшысы Наурызнама аясында Степное ауылының тұрғындарымен бірге «Жаңару күні» мерекесін атап өтті. Мереке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдени-сауықтыру орталығында өтті. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, оларға бақ-береке тіледі. Сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүріне сай кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Сапар барысында облыс әкімі «Ұлттық жоба» аясында салынған Ақжан ауылындағы медициналық пунктке барды. Бұл нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсартуға және денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Биыл Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай облыс әкімі тыл ардагері Екатерина Чмерукқа арнайы барып, құрмет көрсеті. Соғыс басталған кезде ол небәрі 7 жаста болатын. Балалық шағы егіс алқаптарында ауыр еңбекпен өтті. Әкесі майданға аттанып, анасы екеуі соғыстың қиын-қыстау жылдарын бірге еңсерді. Соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етіп, үш бала тәрбиелеп өсірді. Биыл ардагер 90 жасқа толып отыр. Ғауез Нұрмахамбетов оған ізгі тілектерін білдіріп, бейбіт өмір мен болашақ ұрпақ үшін жасаған еңбегі үшін алғыс айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіз – қиын кезеңдердің куәгері, өз өмірін ел игілігіне арнаған жансыз. Балалық шағыңыз соғыс жылдарына тап келіп, еңбекке ерте араластыңыз. Әкеңіз майданға аттанып, сіз анаңызбен бірге ауыр күндерді бастан өткердіңіз. Бірақ, соған қарамастан мойымадыңыз, елдің болашағы үшін аянбай еңбек еттіңіз. Соғыстан кейін де қажырлы қызмет атқарып, ұрпақ өсірдіңіз, халқымызға үлгі болдыңыз. Сізге шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі бейбіт өмір – сіз секілді жандардың маңдай тері мен еңбегінің жемісі.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алған жеке кәсіпкер «Амиркин» сауда үйінің құрылысымен танысты. Нысанның құрылысы 2024-2025 жылдарға шақталған. Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, осындай кәсіпкерлер өңір экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сапар аясында Ғауез Нұрмұхамбетов Тимирязев аудандық орталық ауруханасының аумағын абаттандыру және ғимараттың жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы – 3975 м². Тимирязев ауданының даму қоры есебінен аурухана аумағы абаттандырылып, қоршалды, асфальт, кеспе тас төселді және жарық орнатылды. Жобаға 50 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:
– Аудандық орталық аурухана – тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысан. Соңғы жылдары мұнда ауқымды жөндеу жүргізілді. 2024 жылы жертөле, 2-ші және 3-қабаттар толық жаңартылды. Сондай-ақ, 1-қабаттың күрделі жөндеуі басталып, оған 55,5 млн теңге бөлінді. Биыл оны аяқтау үшін 306,7 млн теңге қарастырылған.
Облыс әкімі аудандағы Агротехникалық колледжге де барды. 2009 жылы ашылған білім ордасында күндізгі бөлімде мемлекеттік тапсырыс бойынша 139 студент білім алып жатыр. Былтыр колледжді 29 түлек тәмамдап, олардың 77%-ы жұмысқа орналасты, ал жұмыспен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрады. Студенттер жыл сайын кәсіби шеберлік пен техникалық шығармашылық бойынша облыстық байқауларға қатысып, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Сапар барысында өңір басшысы студенттер және түлектермен кездесті. Облыс әкімі «Атамекен Агро Тимирязево» ЖШС-нің асыл тұқымды мал және егін шаруашылығымен танысты. 2012 жылы шаруашылыққа «Ангус» тұқымды асыл тұқымды ірі қара малы әкелінген. Бүгінде мұнда 618 бас ірі қара өсіріледі. Мал шаруашылығымен қатар, серіктестік егін шаруашылығын да қарқынды дамытып келеді.
ИВАН САМОШКИН, «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС директоры:
– Биыл дәнді дақылдар 204,1 мың гектарға егіледі. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы, ноқат, жасымық және қарақұмық бар. Майлы дақылдарға 37,7 мың гектар, ал мал азықтық дақылдарға 14,6 мың гектар жер бөлінген. Егіс науқанына тыңғылықты дайындалдық, қажетті техника мен тыңайтқыштар толығымен жеткізілді. Алдағы маусымда жоғары өнім аламыз деп күтеміз.
Облыс әкімі су тасқыны кезеңіне дайын тұрған арнайы техникаларды қарап шықты. Сондай-ақ, су тасқынының алдын алу шаралары мен қауіпсіздік деңгейін бағалады. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов Тимирязев ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму барысын және алдағы жоспарларды талқылады. Ауданда инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге аспақ. Атап айтқанда Москворецкое ауылына кіреберіс және ішкі жолдар жөнделеді, Дмитриевкада көшелерге асфальт төселеді. Тимирязев мектеп-гимназиясы мен аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтеді. Су инфрақұрылымын жаңарту аясында Мичурино ауылында таратушы желілер жаңартылады, Тимирязево ауылында жаңа су желілері мен қондырғылары орнатылады. Сондай-ақ, 9 ауылда су мұнаралары мен насос станцияларының құрылысы аяқталады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тимирязев ауданын дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Биыл аудан бойынша жол жөндеу, білім, денсаулық сақтау және су инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіледі. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруды мақсат еттік. Инфрақұрылымды жақсарту арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын көтеруге күш саламыз. Барлық бастамаларымыз тұрғындардың қажеттіліктеріне бағытталған. Жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен іске асып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Ғауез Нұрмұхамбетов Сергеев су торабына барып, өңірдегі қазіргі тасқын жағдайы туралы басшылардың баяндамаларын тыңдады. Сергеев су қоймасынан асып төгілу қазір 35 см құрап отыр. Еске сала кетейік, былтыр рекордтық деңгей 425 см болған еді. Облыс әкімі өңірдегі жағдай тұрақты, кей жолдарды су шайғанымен көлік қозғалысына шектеу қойылмады, елді мекендерді су басу қаупі жоқ деді. Әкімдіктер мен полиция тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Тасқын қаупі жоғары аймақтарға қосымша құтқарушылар мен арнайы техника жіберілген.
“Қызылжар” телеарнасы