Қазақстан жаңалықтары

ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі

Құжат теңгерімді аумақтық өсуге қол жеткізуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ел өңірлерін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды.

“Тұжырымдама жобасы инфрақұрылымның біркелкі дамуын ынталандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, өңірлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға және қалалар мен ауылдар арасындағы табыс алшақтығын азайтуға бағытталған. Инженерлік желілерді, жолдарды, мектептер мен ауруханаларды жаңғырту, сондай-ақ шикізаттық емес салаларды дамыту, инвестициялар тарту және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына көбірек өкілеттіктер беру жоспарлануда. Стратегияда маңызды орын экология мәселелеріне, соның ішінде қалалардағы жасыл аймақтарды ұлғайтуға және су мен ауа сапасын жақсартуға арналған”, – делінген жобада.

Жобаға сәйкес, 2030 жылға қарай таза суға қолжетімділікті айтарлықтай жақсарту, жол желісін жаңғырту, жаңа мектептер мен ауруханалар салу жоспарлануда. Экономикадағы шағын бизнестің үлесі 45% – ға дейін өсуі керек, ал шағын қалалар мен ауылдық жерлерде өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады.