Ата-бабамыз әз-Наурызды ақ түйенің қарны жарылған күн дейді. Көптен күткен мейрам теріскейдің түкпір-түкпірінде 1 аптадан бері тойлануда. Қазақ халқы үшін жаңа жыл саналатын мереке бүгін Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде атап өтілді.
АЛМАТ МӘКІШЕВ, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары:
– Колледжде Көрісу күнінен бастап түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Біз осы арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптегіміз келеді.
Жылдағы дәстүрге сай мұнда ақ дастархан жайылып, үстел ұлттық тағамдарға толды. Күмбірлеген күй, әсем ән, көктемнің келгенін бейнелейтін сахналық көріністер мерекенің сәнін келтірді.
Думанға арналып қазан-қазан Наурыз көже дайындалды. Мейрамның символы саналатын тағамды пісіру үшін Қарлығаш Шәймергенова таңнан бері ошақ маңында жүр. Ол мерекелік астың қалай дайындалатыны жайлы айтып берді.
ҚАРЛЫҒАШ ШӘЙМЕРГЕНОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Наурыз көже 7 түрлі дәмнен тұрады. Студенттерге аталған тағамды дайындауды үйреттік. Жас малдың еті болғаннан кейін көже 3 сағатта дайын болды. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Думан соңында апта бойы мерекелік шараларға белсенді қатысқан жандар марапатталды.
Нұрасыл Ахмет