Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев “Бірлік” шағын ауданында тұрады. Былтыр Ойқаладағы үйі суға кетіп, содан сабақ алдым дейді. Үйінің маңындағы қарды қыс бойы тау болып үйілгенін күтпей бірден тазалап отырған. Иманғали Сұлтанұлы бұл еріген қар суының жайылып кетуінің алдын алуға септеседі деген пікірде.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Жаңа аудандағы бірінші қысымызды өткіздік. Кейбір жандар есік алдындағы қарларын кәрі болғандықтан шығара алмай жатты. Ал тұрақты түрде тазалап жүргендердің жанында мүлдем су жоқ.
700 үй түтін түтетіп отырған “Бірлік” шағын ауданында қазір еріген қар суын сору жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
– Қазір бізге жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктегілер көмектесіп жатыр. Күн-түн демей бар жұмысты істеп жатыр. Сондықтан, 1-2 күнде қар түгелдей еріп, судың барлығы сорылады деп отырмыз.
Бірліктегі су сору жұмыстары төрт күн бұрын бастау алған.
Іске 10-ға жуық адам мен 4 мотопомпа жұмылдырылған. Әуелде жиналып қалған қар суы көп болса, қазір әжептәуір азайған.
ЕРЖАН ШӘРІПОВ, қалалық ТЖБ бастығы:
– Біз ауданның шет жағына ауыстық. Орта тұсында су жоқ. Әзірге, ешкімнің үйіне су кірген жоқ. Тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. 4 күннің ішінде 1500 текше метр су сорылды. Осы аудандағы іске 2-ші және 3-ші өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары жұмылдырылды. Су сору жұмыстары “Қапай”, “Береке” ықшам ауданы мен “Жұмысшы” кентінде де жүргізіліп жатыр. Іске бізден бөлек жергілікті атқарушы орган қызметкерлері де білек сыбана кіріскен.
Сонымен қатар, “Бірлік” және “Жұмысшы” кентінде жедел штаб құрылған. Бір штабта 30 шақты адам бар. Көмек қажет болған сәтте тұрғындар 8-771-091-09-00 нөміріне хабарласып, өтініш қалдыра алады.
Мәдина Қаби