Жал палуандар жарысы! Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс орталығында қазақ күресінен Қажымұқан атындағы ұлттық спорт мектебінің ашық турнирі өтті. Тартысты додаға 90-нан астам жергілікті бала қатысты. Сайыстың шымылдығын дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сағындықов ашты. Ашылу салтанатында облыстың күрес федерациясының құрметті президенті Бауыржан Құлжанов та сөз алды. Ол құлын-тайдай тебісіп өсіп келе жатқан ұландарға ізгі тілегін білдірді.
БОЛАШАҚ ҚАПАБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Палуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша белдеседі. Қалалық 4 мектептің оқушылары келді. Олар: Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы орта білім беретін мектеп, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп және Қажымұқан атындағы ұлттық спорт мектеп.
Көп ұзамай жарыс басталды. Бабалардың жолын жалғаған балалар жиналғандарды “Пай-пай” дегізді.
Мына кездесуде Ақжүрек Құдайберген жеңіске жетті. 12 жастағы жеткіншек қазақ күресімен 1 жыл айналысады.
АҚЖҮРЕК ҚҰДАЙБЕРГЕН, жарысқа қатысушы:
– Алдымен қарсыласымның жарты денесін бозкілемге тигіздім. Кейін жауырынын тигіздім. Мықты күреседі екен.
Солтүстік Қазақстан облысында қазақ күресімен айналысатын балалардың саны артып келеді. Ұландар түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Жақында командамыз Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде бақ сынады. Қуанышымызға орай, қоржынға күміс және қол жүлде түсті. Бұл облыс үшін жоғары жетістік саналады.
БОЛАШАҚ ҚАПАБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Бұрын жүлделі болуды армандайтынбыз. СҚО-ны өзге облыстар менсінбейтін. Қазір бізбен санасады. Қазақ күресі жақсы даму үстінде. Өзім Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында жаттықтырушы болып еңбек етемін. Бізде 80-нен астам жаттығады.
“Береке” ықшам ауданындағы су жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Наурыз мерекесіне байланысты тоғызқұмалақ пен асық атудан және бесасықтан сайыс ұйымдастырылды. Ұлттық кодымызды бойға сіңірген жастар – өскелең ұрпаққа үлгі. Олар өздерінің тапқырлық және ептіліктерімен көпті сүйсіндірді. Мұнда мейрамға орай шағын киіз үй де тігіліпті. Төрге домбыра, шапан мен бесік шығарылған. Жиналған жұртшылық иттің төресі саналатын тазыны да тамашалады.