Қоғам

СҚО-да биыл 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды

Мира Абитованың 2-ші топқа жататын мүгедектігі бар. Бойжеткен
жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы “AMANAT” партиясының облыстық филиалына кеңсе қызметкері болып жұмысқа орналасқан. Оның міндеті – қағазбен жұмыс және әлеуметтік желіні қадағалау. Қызметі өзіне ұнайды, ұжым да жақсы дейді.

МИРА АБИТОВА, қала тұрғыны:

– Жұмысым қиын емес. Таңғы 10-нан кешкі 18:00-ге дейін істейміз. Ұжым да жақсы, білмеген тұсымды айтып, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырады. Негізі, жергілікті университетте дизайнер мамандығына оқыған болатынмын. Бірақ, алған білімім бойынша жұмыс табу қиын болғандықтан, осы жерге орналастым. Оған еш өкінбеймін, қазір бәрін үйреніп алдым.

Бейінді басқарма мамандары былтыр осындай 600-ден астам мүгедек жанға жұмыс тауып берген. Ал осы жылдың басынан бері 100-ге тарта азамат еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар, мемлекет үш жыл бойы мүгедек жандардың жалақысын субсидиялауда. Субсидиялардың ай сайынғы мөлшері жұмысқа орналастырудың алғашқы 12 айы ішінде жалақы мөлшерінің 70 пайызын, екінші жылы – 65 пайызын, үшінші жылы 50 пайызын құрайды.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімнің бас маманы:

– “Мансап” орталығындағылар жұмыс берушілерге субсидиялау мәселелері бойынша және оларды арнайы орындарға орналастыруға өтініш беру туралы кеңес береді. Мұндай орындарды құрғысы келетін жұмыс берушілер жұмыс орындарын жабдықтау шығындарының сметасын қамтитын тиісті өтінім беруі тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі адамды еңбекпен қамтыған жұмыс беруші оған лайықты жағдай жасауы қажет.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімнің бас маманы:

– Сонымен қатар, егер мүгедектігі бар адамның еңбек міндеттерін орындауы үшін ағзаның бұзылған функцияларын және мүгедектігі бар адамның тіршілік әрекетінің шектеулерін ішінара өтеуге мүмкіндік беретін арнайы жұмыс орнын құру қажет болса, онда мемлекет 300 АЕК дейінгі мөлшерде жұмыс берушінің осындай жабдықтар сатып алуға шығындарын өтейді.

Жұмысқа орналасу жайлы толық ақпар алу үшін қалалық “Мансап” орталығына хабарласу қажет немесе “enbek.kz” сайты арқылы қарауға болады.

 

Мәдина Қаби