Облыстық полиция департаментінде жеке құрамға арналған оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бес күн ішінде қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсету, дағдарыстық жағдайларда әрекет ету, саптық, дене және атыс дайындығы бойынша шеберліктерін жетілдіреді. Сабақтарды арнайы және мобилизациялық дайындық басқармасының тәжірибелі нұсқаушылары, сондай-ақ, арнайы жасақ инспекторлары, кинологтар, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, психологтар мен госпиталь дәрігерлері жүргізеді.
РУСЛАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы:
– СҚО полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы ІІМ басшылығының нұсқауына сәйкес бес күндік оқу-жаттығу сабақтарын өткізуде. Аталған оқу-жаттығу жиындары аясында сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін сабақтарға төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, оқу взводының нұсқаушылары, полиция госпиталінің медициналық қызметкерлері тартылды.
Оқу үдерісі әр қызметкердің физикалық және психологиялық дайындығын нығайтуға, сондай-ақ, жедел ойлау, стреске төзімділігі мен төтенше жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталған.
Мұндай жиындар айына екі рет өткізіледі. Басты мақсат – полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл өз кезегінде қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қылмыспен тиімді күресуге ықпал етеді.
Данаш Хамза