Қоғам

Өңірдегі емдеу орындарындағы кадр тапшылығы қызмет сапасына кері әсер етуде

Қалалық 1-ші емханада маман саны тапшы. Мұнда 17 терапевтік қосында тек 2-ақ терапевт. Салдарынан бұл ұзын-сонар кезектің туындауына әкеп соғуда. Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында айтылды.

РҮСТЕМ АРМАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі:

– Мысалы, 1-ші емханада құжат арқылы тіркеле алмай жатыр. Тұрғындардың айтуынша, орталықта екі терапевт-дәрігер ғана жұмыс істейді. Ал олар тұрғындарды қабылдап үлгермейді.

Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері өңірдегі емхана-ауруханаларды ғана емес, мемлекеттік органдардағы қызметтің көрсетілу сапасына мониторинг жүргізген. Тіпті, әр ауданды аралаған. Қорытынды мынадай: Тайынша, Жамбыл, Шал ақын аудандарындағы әкімдік қызметкерлері тұрғындарды жөнді қабылдамайды. Мамандар олармен ZOOM арқылы байланысқа шығып, сұрақтың астына алды. Бірақ, аудандағылар бұны жоққа шығарды.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы бойынша облыс орталығы, Ақжар мен Қызылжар ауданының мемлекеттік қызметшілерін мақтау болады делінді жиында. Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Руслан Асаубаевтың айтуынша қызмет сапасына жұмыста жасалған жағдай да әсер етеді.

РУСЛАН АСАУБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі:

– Аудандардағы біраз нысанға жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Көбінде тиісті техника жоқ. Жұмыста лайықты жағдай жасалмаса, бұл қызметкерлердің өз міндетін сапалы атқаруға кедергі келтіруі мүмкін. Бұл мәселе, әсіресе, шалғай орналасқан елді мекендерде өзекті.

Жиын соңында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері емдеу мекемесіндегі кезек мәселесін шешу үшін маманға кіру уақыты жазылған экран орнату қажеттігін айтты.

 

Мәдина Қаби