Бүгін қазақстандықтар Жаңару күнін атап өтіп жатыр. Бұл күні табиғат қайта түлеп, тіршілік оянады. Шуақты күнге орай қалалық №4 орта мектебінде “Наурыз тойы” атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнда ұйымшылдықтың арқасында берекелі дастархан жайылды. Оған оқушылар мен олардың ата-аналары және ұстаздар қауымы ат салысыпты.
СӘУЛЕ ҚАРАТАЕВА, қалалық №4 орта мектебінің директоры:
– Біздің мектепте 12 ұлттың өкілдері оқиды. Негізгі бөлігін қазақ балалары, орыстар, курттар, ұйғырлар, татарлар, тәжіктер мен қырғыздар құрайды. Ауызбіршілік болған жерде береке де болады.
Бүгін әр ұлттың өкілдері салт-дәстүрлерін паш етіп, ұлттық тағамдарын әзірлеп әкелген. Түрлі ұлттың құндылықтарын Наурыз мерекесі одан сайын біріктіре түскендей.
Палау, шұжық, бүйрек пен самса, тәтті бәліштер мен жеміс-жидек. Ұзыннан созылған дастарханда артық орын жоқ. Тағамның түр-түрі қойылған. Ал бауырсақ қыз-қыз қайнаған қазанда сол жерде пісірілді. Бұл көрініс тіпті ерекше. Көз алдыңа ауыл өмірін елестетіп, бақытты балалық шақққа жетелей түскендей. Жарқын Омаров берекелі білім ұясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ұлағатты ұстаздың айтуынша бұл мерекені бірігіп тойлаудың өзі ұрпақты сыйластыққа тәрбиелеп, татулықтарын арттыра түседі.
ЖАРҚЫН ОМАРОВ, №4 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– Наурызды тойлау – оқушыларға, өзге ұлт өкілдеріне біздің салт-дәстүрлерімізді, яғни насихаттау ғой. Насихаттау барысында осындай, мінекей, қалалық 4-ші орта мектепте іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Балаларға қазақтың сәлт-дәстүрін, бойларына біздің рухани құндылықтарымызды сіңіру үшін, осындай салт-дәстүріміз бар екенін ежелден қазақтар Көрісу амалы, бүгін, міне, Жаңару күні деп айтып жатырмыз, біздің Жыл басы – Наурызымызды кеңінен насихаттау.
Жиналған қауым бір-бірін әз-Наурызбен құттықтап, молшылық тіледі. Мектептегі мереке көркін мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер аша түсті.
Данаш Хамза