Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Өз елінің патриоттары ғана ерікті бола алады. Бұл игі жандар ауа райының ыстық-суығына қарамастан көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Негізінен, волонтерлік қызметте жастардың үлесі басым болғаны дұрыс. Сол себепті, қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері мектеп оқушыларымен кездесу өткізуде. Бүгін олар Д.М.Карбышев атындағы №40 орта мектепке аялдады. Білім ұясындағы оқушылармен кездесіп, қызметтің қыр-сыры жайлы айтып берді.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Оқушыларға атқарған жұмыстарымыз жайлы бейнероликтер көрсететін боламыз. Осы арқылы ұл-қыздардың ерікті болуға құлшыныстары артады деп ойлаймын. Волонтерлік қызметтің өзіндік ерекшелігі бар. Әрине, тегін жұмыс істесек те қаншама адамның батасын алудамыз. Мыңдаған адамға көмегіміз тиіп жатыр. Мұның өзі біздің шаршағанымызды басып, күш-жігерімізді арттырады.
Еріктілерді бүгінгі күннің батырлары десек артық айтқандық емес. Олар былтыр облыста болған алапат су тасқыны кезінде де жай жатпай, күні-түні аянбай еңбек еткен. Аталған мектептің оқушылары да көмекке мұқтаж жандарға әрдайым көмек көрсетеді екен. Бүгін қалалық жастар ресурстық орталығының атынан оларға алғыс хат табысталды.
КАМИЛЛА ДІНКЕНОВА, Д.М.Карбышев атындағы №40 орта мектебінің 11-сынып оқушысы:
– Маған мұқтаж адамдарға көмектескен ұнайды. Ол менің парызым деп білемін. Жасаған жақсылығым өзіме 2 есе қайтып келеді деп ойлаймын. Былтырғы су тасқыны кезінде ауыр жұмыс істемесем де зардап шеккендерге түрлі тағамдар пісіріп, тараттым. Еңбегім еленгеніне өте қуаныштымын.
Бұрымды алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмайтынын, қай кезде болмасын көмекке мұқтаж жандар көмектесуге әзір екенін жеткізді. Айта кету керек, шарада 50-ге жуық жас волонтерлік қызметтің қыр-сырын үйренді.
Нұрасыл Ахмет