Қызылжар ауданының орталығында тасқынға қарсы шаралар жалғасып жатыр. Мәселен, Бескөлде тәулік бойы қар шығарылуда. Мынандай үйінділер сол күйі қалса, біртіндеп еріп, жан-жаққа жайылған судың көлемін арттырады. Сол үшін жауапты ұйымдар білек сыбана тер төгуде.
БАУЫРЖАН ҚАППАСОВ, жеке кәсіпкер:
– Қарды қаңтар айынан бастап шығарып жатырмыз. Іске 12 техника жұмылдырылған. Күндіз 2 бригада жұмыс істесе, түнде 1 бригада жұмыс істейді.
Тынымсыз тірліктің арқасында ауқымды шаруа атқарылды. Әлі де еңбек ету қажет. Мамандар жақын арада қар шығару жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
БАУЫРЖАН ҚАППАСОВ, жеке кәсіпкер:
– Бүгінгі күнді санағанда Бескөлден 60 мың текше метр қар шығарылды. Қар бар. Бірақ, ауа райына байланысты тез еріп жатыр. Жұмыс 1-2 күнде бітуі тиіс.
Өңірде көктемнің ерте келіп, қардың күрт еруінен қарғын су бірден жайылды. Қазір Бескөлдің кейбір көшелері мынандай күйде. Бірнеше ауладағы көрініс те жаға ұстатады. Мұндай жерге арнайы көліктер жіберіледі.
ӘДІЛЖАН СҮНДЕТОВ, жеке кәсіпкерлік жүргізушісі:
– Таңғы 9-да осы жерге келдік. Қос бөшке 8 рет толтырылды. Су бітер емес.
Аулаға не себепті су жиналады? Үй төмен жерде орналасуы мүмкін. Яғни, жан-жақтағы су сол тұсқа ағады. Сонымен қатар, тұрғындар қыс бойы қар күремеуі ықтимал. Қазір жауапты мамандар тізе бүгу дегенді ұмытқан.
ӘДІЛЖАН СҮНДЕТОВ, жеке кәсіпкерлік жүргізушісі:
– Жұмысқа шақырады, бірден шығып, шақырту нүктесіне жетеміз. Күніне 500-600 текше метр су сорамыз.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Мамандардың жұмысы аяқталған жоқ. Бұл жерге қос машина қайта келмек. Аулада әлі де су көп.
Қардың күрт еруіне байланысты Қызылжар ауданы әкімдігі шұғыл шешім қабылдапты. Ауданда мотопомпа арқылы су соратын жасақ құрылған. Мұндай істі 10-нан астам көлік тізгіндеген жандар да атқарады. Сондай-ақ, ауылдарда қол жұмысына жұмылдырылған топтар бар.
ЕРКЕБҰЛАН АСЫЛБЕКОВ, Қызылжар ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы:
– Тұтас ауданның тасқынға дайындығына тоқталсақ, қазіргі таңда инертті материал салынған 60 мыңға жуық қап дайындалды. 7 шақырым қорғаныс үйіндісі нығайтылды. Қар шығару және су соруға 40-тан астам техника бөлінген. Қазіргі таңда бізге Академия курсанттары, жергілікті және қарағандылық сарбаздар көмектесіп жатыр. Халық та қол ұшын созуда.
Жергілікті билік аулаға су жақындаған жағдайда бірден хабарласу қажеттігін айтады. Әкімдік көмектесуге әзір.
Байболат Құлтанов