Мәдениет

Балғындар шаттанған шара

Бүгін Абылай ханның Ақ үйінде “Ұлттық киім күні” атап өтілді. Мерекелік шара қаламыздағы балабақша тәрбиеленушілеріне арналған. Шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Музей кешенінің қызметкерлері басқосуға ақ жаулықты әжелерді шақырыпты. Олар бесіктен белі шықпаған балақайларға ұлттық құндылықтарымыз жайлы мол ақпар берді.

ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:

– Біз шарада балалардың дайындап келген өнерлері мен қазақи нақыштағы киімдерін бағалап, ұнағандарына сыйлықтар беретін боламыз. Мерекелік басқосуға қаламыздағы 2 балабақшаны шақырдық.

Балғындар шараға жоғары деңгейде дайындалып келгені көрініп тұр. Әрбіреуінің киген киімі көздің жауын алады. Өнерлеріне қарасаң көз сүйсінеді. Мәселен, “Ласточка” бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Валерия Назаренко мерекелік басқосуда Абай мен Мағжан аталарымыздың өлеңдерін жатқа айтып берді.

ВАЛЕРИЯ НАЗАРЕНКО, “Ласточка” бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі:

– Шарада ақ жаулықты әжелеріміз балғындарға қазақтың ұмыт қалғаны өнерлері мен салт-дәстүрлері жайлы айтып берді. 68 жастағы Роза Ысқақова кішкентайларға ұршықпен қалай жіпті иіруге болатынын көрсетті.

РОЗА ЫСҚАҚОВА, қала тұрғыны:

– Ұршықпен жіпті иіруді 7 жасымнан бері білемін. Мұндай материалдардан тігілген киімдер өте жылы болады. Қазіргі таңда немерелеріме шұлық тоқып отырамын.

Шараға мейрамның бас кейіпкері – Қыдыр ата да шақыртылған. Ол балақайларға бата беріп, басқосудың сәнін келтірді.

 

Нұрасыл Ахмет