Бүгін Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында 6 мәселе қаралды. Алғаш болып мінберге Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің тарифтер бойынша кеңесінің сарапшысы Александр Казанцев шықты. Ол өңірдегі энергетика саласындағы олқылықтар жайлы айтып, бірнеше ұсынысын ортаға салды.
АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, СҚО ТМРКД тарифтер бойынша кеңесінің сарапшысы:
– Негізінен, электр энергиясын тұтынушылар 3 топқа бөлінеді. Олар: тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатындар, тұрмыстық емес қажеттіліктерге пайдаланатын заңды тұлғалар және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар. Бәріміз білеміз, қалада дүкендер, жеке сот орындаушылары көпқабатты үйлердің 1-ші қабатында жұмыс істейді. Жекеменшік иелері қазіргі таңда жарық пен жылу үшін жұрт қатарлы емес, 2 есе үлкен сомада ақша төлейді. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Олар 1-ші топқа жататын тұрғындар сияқты бірдей төлем жасау керек деп есептеймін.
Қазіргі заманда электр энергиясы адамдарға ауадай қажет. Бірақ, тарифтердің бағасы жылда өсіп жатады. Сол үшін сала әрдайым даудың астында қалып жатады. Александр Казанцев жиын барысында шаһарда жылу шығындары дұрыс есептелмейтінін айтты.
АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, СҚО ТМРКД тарифтер бойынша кеңесінің сарапшысы:
– Қазіргі таңда тұтынушылардың барлығы жылу мен жарыққа үйлерінде отырып-ақ төлем жасайды. Бірақ, жылу шығындарын өтейтін бағдарламаларда өткен айда қанша ақша төлегеніміз туралы түбіртек шықпайды. Сәйкесінше, кей кезде тұрғындар арасында түсініспеушіліктер пайда болады. Осы мәселені шешулеріңізді сұраймын.
Александр Казанцев сөзінің соңында жиынға қатысушыларға Табиғи монополияларды реттеу комитеті және “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ мен тұтынушылар арасындағы даулы жағдайларды бірден шешу мақсатында арнайы комиссия құру керек екенін айтты. Спикердің пікірін қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Басқосу қатысқан облыстық прокуратура өкілдеріне ұсынысты Энергетика министрлігіне жолдауын сұрады.
Нұрасыл Ахмет