Мәдениет

Облыс әкімі «Киелі кимешек» көрмесін тамашалады

Кимешек – қазақ халқының ұлттық бас киімі, әйелдердің дәстүрлі киімдерінің маңызды бөлігі. Ол әйелдің қадір-қасиетін, оның отбасына, ел мен қоғамға деген сый-құрметін көрсететін киім болып саналады. Осындай кимешектердің бірнеше түрі теріскейліктердің назарына ұсынылды. Аймақ басшысы шарадан тыс қалмай, ұлттық мәдениеттің бір бөлігімен танысып қайтты.

– Аман-сау келдіңіздер ғой? – Аман-сау келдік. – Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! – Сіздерге де мереке құтты болсын! Солтүстік өңірде көрме өткізуге рұқсат бергендеріңіз үшін, ұйымдастыруға ат салысқандарыңыз үшін шексіз ризамыз.

«Киелі кимешек» көрмесін «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Ұйым директоры Тұрар Шәкен көрмедегі кимешектердің аймақтық және рулық ерекшеліктері, әрбір ою-өрнектердің мән-мағынасы жайында ақпарат берді.

ТҰРАР ШӘКЕН, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры:

– Кимешек киген адамның қай рудың, қай таптың, бай әйел ме, орта тап па, соның барлығын білетін болған. – Сол кимешекпен көрсетіледі, иә? – Иә. Бұл біздің ұлттық брендіміз, ұлттық құндылығымыз. Осы жерде 30-ға жуық кимешек қойылған. Риза болатынымыз, біздің әжелеріміз әр рудың кимешегенің өзі бүгінде сәнді киінетін қыз-келіншектер деп жатамыз ғой, кезінде әжелеріміз де сәнді киінетін болған.

Кимешектердің түрлері мен ою-өрнектері уақыт өте келе өзгергенімен, оның мағынасы мен әлеуметтік рөлі әлі күнге дейін сақталып келеді. Көрмеде дәстүрлі кимешектердің 21 үлгісі көрсетілді. Әрқайсысы өз ерекшеліктерімен көзге түседі.

ТҰРАР ШӘКЕН, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры:

– Байқайсыздар ғой, әдемі шытыралары көп, күмістері көп. Бұл кимешектердің бәрі – жас келіншектерге арналған кимешектер. Кимешектердің тағы бір белгісі, үйінде ер азаматы қайтыс болатын болса, мысалы, қартайып, шалы қайтыс болатын болса, міндетті түрде кимешекте ешқандай жылтырақтар көп болмаған. Сары жақ деген сөз бар. Ол, мысалы, жағы сары, оны кәдімгі үлкейген апалар киетін болған.

«Киелі кимешек» ел бойынша екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы көрменің тұсауы өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы ұлттық музейде кесілген болатын.

ТҰРАР ШӘКЕН, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры:

– Біздің «Киелі кимешек» көрмесінің ең бағалы, құндысы – ол кәдімгі 19-20 ғасырдағы көне, 150 жыл, 200 жылға жуықтаған кимешектердің үлгісі және сонымен қатар, оның жаңартылған үлгісі Тілек Сұлтанның қолынан шыққан. Тілек Сұлтан – жай ғана қолөнерші емес, ол коллекционер. Кезінде біздің әжелеріміздің, аналарымыздың киген кимешектерін жинақтап, осы бүгінгі күнге дейін жеткізді.

Көрме дүйім жұрттың назарына 6-шы сәуірге дейін ұсынылмақ. Келем деушілерге мархабат. Айта кетейік, алдағы уақытта этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі басқа да өңір тұрғындарының, тіпті, шетелдіктердің назарына ұсынылады деген жоспар бар.

“Первый Северный” телеарнасы