Егін егетін мезгіл жақындап келеді. Қазір диқандар көктемгі науқанға қызу дайындалып жатыр. “Асхат Агро” серіктестігі Мамлют ауданындағы Андреевка ауылында орналасқан. Агроқұрылым еңбеккерлері биыл 7 мың гектар жерге егін егеді. Оның 2 жарым мыңына бидай тұқымы себіледі. Тиісті тұқым қоры дайын. Қазір дәнді топыраққа сіңдіретін техниканы қамдауға баса назар аударылған.
АЙДОС ӘБІЛОВ, «Асхат Агро» ЖШС агрономы, Қызылжар ауданы:
– Техникаларымыздың барлығы жеткілікті. Қыс уақытында аса көп жұмысшы болмайды. Көбі үйде отырады, кейбірі техниканы осы жерде жөндейді. Жаз уақытында кемінде 50 адам жұмыс істейді.
Өткен күзде “Асхат Агро”-лықтар бір гектардан 23 центнер өнім алған. Бұл – орташа көрсеткіш. Шаруашылықтағы жұмысшылардың айтуынша, бұл – оның алдындағы жылға қарағанда жақсы нәтиже.
АЙДОС ӘБІЛОВ, «Асхат Агро» ЖШС агрономы, Қызылжар ауданы:
– Парға қалдыратын жердің көлемін 10-15 пайыздан азайтып жатырмыз. Болашақта мүлдем парға жер қалдырмайтын боламыз. Ал қазір техникаларды жөндеуден бөлек, тыңайтқыштарды, өнімдерді сатып алып жатырмыз.
Енді облыс бойынша көктемгі науқанға дайындық жайлы айтайық. Биыл өңір егіншілері 4,4 млн гектар жерге егін егеді. Оның 3 млн-нан астамы – дәнді дақылдар, қалғаны – басқа өнімдер. Осы жылға 470 мың тонна тұқым дайындалған. Шамамен 300 мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Биыл егіс науқанына 12,3 мың трактор, 13,7 мың астық сепкіш, 1,5 мың қазіргі заманғы өнімділігі жоғары егіс кешендері жұмылдырылады. Техниканың дайындығы 75% құрайды. Әзірлік жұмысы әлі де жүріп жатыр.
Сонымен қатар, облыста көктемгі дала жұмыстарын қадағалау бойынша жедел штаб құрылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жетекшілік етеді.
Мәдина Қаби