Қоғам

Ізгілікке ынталы ұйым өкілдері қос отбасыны қуантты

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында игі дәстүр жалғасын тапты! Бүгін Жол активтері сапасы ұлттық орталығының облыстық филиалы өкілдері №12 орта мектепте болып, қос отбасыны қуантты. Ұйым басшысы Жолдыбай Тентеков бастаған топ немерелері мен баласы аталған білім ошағында оқитын азаматшаларға азық-түлік толы қапшықтарды сыйға тартты. Үстелге қойылғанның ішінде ұл-қыздарға арналған базарлық та бар.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ төрағасы:

– Тағамдар әкелдік. Балаларға тәттілер бар. Әрбір отбасығы жақсылық тілеймін! Мерекеміз құтты болсын!

АЛЛА МҰСАБАЕВА, қала тұрғыны:

– 2 немерем осы мектепте оқиды. Оқу үлгерімдері жақсы, іс-шараларға қатысады. Сыйлық алып жатырмыз. Алғыс білдіремін. Зейнеткермін, осы немерелерімді бағып, үйде отырамын.

Бұл бүгін ғана қолға алынған іс емес. Орталықтың облыстық филиалы №12 орта мектепке сонау 2007 жылдан бері қамқорлық танытып келеді. Арадағы байланыс жалғасын табады. Ұйым өкілдері алдағы уақытта да білім ұясының табалдырығын аттамақ.

АЙТҚОЖА БАУКЕНОВ, №12 орта мектебінің директоры:

– Біз бұл ұйыммен 20 жылдай тығыз байланыстамыз. Әрдайым көмек қолын созады. Жаңа жыл қарсаңында балаларды қуанту – бұл ұйымның дәстүрі. Жаңа жылымыз құт-береке әкелсін!

Балаларда базарлыққа разы болды. Олардың бірі мерекемен құттықтай келген жандарға өлең оқып берді.

 

Байболат Құлтанов