Қазіргі таңда Ойқала ықшам ауданында бөгетті нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қорғаныс үйіндісінің ұзындығы – 4 шақырым, биіктігі – 6 метр, ені 22 метрді құрайды. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ. Мамандар былтырғы жағдай қайталанбас үшін бөгетті одан әрі нығайтуда. Көмекке облыс орталығындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 99275 әскери бөлімінің 50 қызметкері келді. Шенділер қаптарға құм толтырып, судың ықшам ауданға өтіп кетпеуі үшін аянбай еңбек етіп жатыр.
ЕДІГЕ ҚАЛМҰРЗАЕВ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімінің бөлім командирі:
– Күніне 2 мың қапты құмға толтырып, бөгеттерді нығайтамыз. Қай кезде болмасын облысымызға көмек көрсетуге дайынбыз.
Әрине, аяқ алып жүру қиындаған ауа райында қаптарға құм толтырып, оны көтеру оңай жұмыс емес. Бірақ, мына әскерилердің сөзінше, мындаған адамға көмегің тиетіні жайында ойласаң шаршағаның бірден басылады дейді.
ВАДИМ НОВИЦКИЙ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімінің қызметкері:
– 12-наурыздан бастап осы аймақта еңбек етудемін. Жұмысымызды оңай деп айта алмаймын. Бірақ, бұл менің парызым деп білемін.
Айта кету керек, әскерилер Ойқаладан кейін қала маңындағы басқа да елді мекендерге барып, ондағы бөгеттерді нығайтуға көмектесетін болады.
Нұрасыл Ахмет