Қоғам

Аққайыңдар өлкесінен шыққан академикке – 100 жыл

Аядай ғана ауылда туып, алты Алаштың ардақтысы атанған азамат. Қасиетті Шал ақын ауданында өмір есігін ашқан Евней Бөкетов – күллі қазақтың мақтанышы. Биыл сіңірген еңбегі теңізден терең, беделі таудан биік академиктің дүниегі келгеніне – 100 жыл. Осыған орай университет қабырғасында “Еліміздің біртуар ғалымы” атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға тарихи тұлғаның туыстары да қатысты. Ержан Мизамбаев ағасын бала күнінде бір-екі рет көріпті, әкесінің естеліктері әлі есінде.

ЕРЖАН МИЗАМБЕВ, Евней Бөкетовтың туысы:

– Әкемнің айтуынша, Евней Бөкетов кішкентай күнінен зерек болған. Кітап көп оқыған. Бойы ұзын, ірі адам болды. Жастарға айтарым, Евней ағамның жолын берсін. Істерін жалғастырсын. Академик атансын.

Қуанышымызға орай, ұлы жолды жалғайтын жастар бар. Жиын барысында жалынды студенттер Евней Бөкетов жайлы бірсыпыра дерек айтты. Ал Аяжан Ілиястың дипломдық жұмысы академикке қатысты екен.

АЯЖАН ІЛИЯС, Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Евней Бөкетов Қаныш Сәтпаевтан кейін Ғылым Академиясының алғашқы Президенті болу керек еді. Алайда, саяси жағдайларға байланысты үміткерліктен алынып тасталған. Артынша Қарағанды университеті ректоры қызметінен де алынды. Кейін қарапайым зертханада жұмысшы ретінде еңбек етті. Бұл соққы болған сияқты. Евней Бөкетов 3 жылдан кейін өмірден өтті.

Өмірден өтсе де артынан өшпейтұғын із қалдырды. Теріскейдің тумасы – әлемдік деңгейдегі ғалымдар мойындаған еңбектердің авторы. Жастар соларды зерттегісі, жұртшылыққа танытқысы келеді.

АЯЖАН ІЛИЯС, Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Менің мақсатым – Евней Бөкетов жайлы деректерді жандандыру. Ол кісі Қазақстанды әлемге танытты. КСРО кезінде еңбектері көптеген елдерде жарияланды. “Синтезделген мұнай”, “Көмірді гидрогенизациялау” сынды өте ауқымды және күрделі жұмыстары бар.

Көрнекті ғалым, тарихшы, жазушы Евней Бөкетовтың 100 жылдығына арналған көрме университеттің №6 корпусында қанат жайды. Онымен студенттер таныса алады. Шара соңында “Ер Тұран” күйі шертілді.

 

Байболат Құлтанов