Мәдениет

Солтүстікте сүлейлер сайысы өтті

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қасиетті Қызылжар өңіріне айтыскер ақындар ат байлады. Биылғы жыр додасының жөні бөлек, маңызы зор. Теріскей топырағында республикалық командалық айтыстың алғашқы кезеңі қорытындыланбақ. Аты айтып тұрғандай, аламанда тараптар топ-топпен тартысқа түседі. Солтүстікқазақстындық сүлейлердің қарсыласы – шығысқазақстандық шайырлар.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, айтыс жүргізушісі:

– Бұл – үлкен мегажоба. 2024 жылы басталды, 2 жылды қамтиды. Ұлттық өнеріміз ұлықталатын додаға 20 команда қатысып жатыр. 18 команда өзара сынға түсті, бүгін соңғы жұп мықтыны анықтайды.

Шекараның шетіндегі ағайын айтысты сағынған. Атақты алмас қылыш Жамбылдардың жолын жалғаған жандарды таныстыру кезінде әрқайсысына қошемет білдірді, қиқу салды. Аламан алдында сахнаған облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов та шықты. Ол көпшілікке аймақ басшысының құттықтау хатын оқып берді.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қос облыстың намысын қорғайтын ақындарға сәттілік тілеймін! Бұл айтыс барша көрермен үшін аса қызықты және әсерлі болады деп ойлаймын. Өңірімізде Наурыз мейрамы тойланып жатыр. Мейрамымыз әрбір отбасыға молшылық пен байлық әкелсін!

Өңірдегі жыр жәрмеңкесін айтыстың қара нары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман қалдырмайды. Денсаулығы сыр берсе де биыл да теріскейді бетке алған аңыз адамға облыс әкімі атынан шапан шабылды.

Бірден тарқатып алу қажет, мегажоба айтыспен шектелмейді. Бұл бастама аясында ақындар аламаны десе ішер асын жерге қояр жұртшылық атадан балаға мирас болған бекзат өнердің бірқатарын рухани азық ретінде бойға дарытады.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, айтыс жүргізушісі:

– Қазақтың ғасырлар бойы қанына сіңген, болмысына дарыған ұлттық өнерлеріміз: айтыс, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй. Осы 5 жанр бойынша әр командада өнер иелері топтастырылған. 4 ақын өзара айтысады. Жай айтыс емес, айтыстың түрлері таңдалды: Қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы. Осылар бойынша өнер көрсетеді.

Әр командада бір жас баладан болады. Сол негізгі бөлім алдында команданы жақұт жырмен таныстырады.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын, СҚО:

– Қыз бен жігіт айтысы бойынша өзім қатысамын. Командамыздың капитаны – Қайырлы Ғафуров. Біржан Есжан сынды дәстүрлі әншіміз, Асхат Ғалеев сынды күйшіміз бар. Бізді Сұлтан ақын таныстырады. Сақадай саймыз.

Үкілеп топқа қосқан Сұлтан ақын сенімді ақтады. Таныстыру жырын бір деммен тыңдатты.

Ал негізгі бөлімнің шымылдығын сүре айтысының жүйріктері Жұмабек Рахимов пен Ардабек Ақбаба ашты. Тәтті жыр, астарлы ой, қағытпа қалжың. Қос ақын көсіле шапты. Жерлесіміз сөз сайысы кезінде қарсыласына “Өңірімізде өсетін сары астық артық па әлде Өскеменде өндірілетін сары алтын артық па?” деген сауал қойды. Шығысқазақстандық былай жауап қатты:

“Береке басы – Наурыз” атты жыр додасы бірнеше сағатқа созылды. Жерлестеріміз намыс туын жықпады. Олар қарсыластан басым түсіп, келесі кезеңге өтті. Ендігі бәсеке астаналық өнерпаздармен болады. Мегажоба мамырда мәресіне жетеді. Қорытынды аламан Ақтау төрінде ұйымдастырылады.

 

Байболат Құлтанов