Сенбі күні Петропавлда көктемгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттық М.Жұмабаев көшесі бойында ұйымдастырылды. Шараға облысымыздың әр ауданынан келген 100-ден астам серіктестік қатысты.
ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Шара Наурызнама онкүндігінің аясында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде 500 тоннадан астам өнім ортаға қойылды. Олардың барлығының бағасы базардағыдан 15-20 пайызға төмен. Шынымды айтсам, шараға осыншама адам келеді деп ойламадым. Айта кетейін, Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін апта сайын өткіземіз.
Тарқатып айтсақ, жәрмеңкеде 95 тонна ет, 12 тонна сүт өнімдері және 342 тонна көкөніс саудаланды. Барлық өнімдер экологиялық таза. Сондықтан да оларға сұраныс өте жоғары. Шараға Айыртау ауданынан келген серіктестіктер 7 тонна өнім әкеліпті. 2 сағаттың ішінде тауарларының жартысы сатылып кеткен екен.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Жәрмеңкеге жылқы, сиыр, шошқа және қой етін әкелдік. Олардың ішінде, тіпті, сүрленген ет те бар. 200 келіге жуық ірі қараның етін вакуумдық пакеттерге салып әкелдік. Бұл – қазір сұранысқа ие тауардың түрі.
Жәрмеңкеде ет өнімдерінің орташа бағасы 2600 теңге болды. Сүт – 250, жұмыртқаның 10 данасы 480 теңгеден сатылды. Шарада балық пен балдың түр-түрі ұсынылды.
НҰРБОЛ ӘЛИН, Алқатерек ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы:
– Ауылдық округтен жәрмеңкеге 2 жылқы, 1 тонна картошка, 50 кг сары май және 10 қой әкелдік. Облыс орталығына жиі келіп, тауарларымызды өткізіп отырамыз.
“Ұлы даланың берекелі жәрмеңкесі” деген атпен ұйымдастырылған шарада концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Өнерпаздар шараны мереке алаңына айналдырды.
Жәрмеңкеде ауылдың дәмін сағынған тұрғындардың қарасы көп болды. Олар әрдайым осындай шараларды асыға күтеді. Жәрмеңкенің атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шара сатушы мен сатып алушылар үшін де тиімді болды. Сөреге қойылған барлық тауар сатылып кетті.
Нұрасыл Ахмет