Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оқушылар салған картиналардың аукцион-көрмесі өтті

Петропавлдағы “Ботай” арт-галереясында ұл-қыздардың жасаған туындыларынан көрме қанат жайды. Мектеп оқушыларының салған суреттері “Наурыз мерейі” эстафетасы аясында сатылымға қойылды. Жиналған ақша қайырымдылыққа жұмсалады. Өнерпаздар көбіне көрмеге қазақ халқының бұрынғы өмірі және ұлттық нақышта бейнеленген суреттерін ұсынған. Соның бірі – Адель Талипова. Ол өзінің осындай игі іске үлес қосып жатқанына риза.

АДЕЛЬ ТАЛИПОВА, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Баршамыз маңызды шараға барымызша өз үлесімізді қосудамыз. Аукционға қатысу арқылы жақсылық пен жанашырлықтың маңыздылығын көрсетеміз.

Аукционға 50-ге жуық туынды шығарылды. Дарынды балалардың өнер туындылары көздің жауын алады. Еңбектердің тақырыбы көктемге арналған. Бір картинаның бағасы шамамен – 30 мыңдай.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Наурызнама бойынша өткізіліп жатқан шараны қала тұрғындары келіп көре алады. Бағалары белгілі. Тоқсан сайын осындай қайырымдылық шараларын өткізу жоспарымызда бар. Әлі де жалғастырамыз.

Көрме облыс орталығында айдың соңына дейін қанат жаяды. Кез келген адам көрмеге келіп, өзіне ұнаған еңбекті сатып ала алады.

 

Мәдина Қаби