Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Облыс әкімі мектеп ұйымдастырған мерекелік думанға қатысты

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысында ұлыстың ұлы күнін тойлау жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда мектептердің алды да думан алаңына айналды. Мысалы, таңнан бері қаламыздағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені алдында ән салынып, би биленуде. Мұнда келген адам құдды бір қазақы ауылға тап болғандай болады.

Асық ойнар алаңда топтасқан мектеп әкімшілігінің көңілі кең, құшағы ашық. Кимешек киген азаматшалар 17-ші наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнімен құттықтай келген құрметті қонақтарды шашумен қарсы алды.

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде бірнеше ұлттың ұл-қыздары оқитыны мәлім. Солардың барлығы арнайы келген аймақ басшысына өнер көрсетті.

Балалар бірінен-бірі өтеді. Мұндағы ұстаздар да өнерлі. Олар домбыра шертіп, ән салады.

Мектеп алдында жүрген әр адам көктемнің, мерекенің атмосферасын сезінеді. Білім ошағының кіреберісі сахнаға айналды. Бұл жерге Ғауез Нұрмұхамбетов те шықты. Ол тойшыл қауымды жарқын мейраммен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздермен Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде кездесіп отырмыз. Наурыз құтты болсын! Наурыз мейрамы былтырдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа форматты тойлануда.

Думан мұнымен аяқталмады. Білім ұясының келесі бөлігінде оқушылардың қолөнер жұмысы қойылған көрме қанат жайған. Әр туындымен танысқан облыс әкімі талантты жастардың еңбегін жоғары бағалады. Ал мына тұста түтін будақтап, иісі мұрын жарар палау пісіп жатыр. Қазан толы асты тәжік ағайындар пісіруде.

– Осы жерге таңғы 6-да қуана келіп, палау дайындауға кірістік. 400 адамға шақтап жасадық. Нағыз тәжік палауы. Мұндағы барлық адамға таратамыз. Балаларға салып беріп жатырмыз. Ғауез Нұрмұхамбетов мерекеге ортақтасқан азаматтарға алғыс білдірді.

Мерекелік шара концертпен аяқталды. Ортада үлкен де, кіші де биледі.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің мектепте 1800-ден астам бала оқиды. 20-дан астам ұлт өкілі бар. 10 бөлім бар. Биыл белорус бөлімін аштық.

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені ұжымы татулықты, бірлікті әрмен қарай ту ете бермек. Олар алдағы Бірлік күнін де думандатып атап өтуді көздеп отыр.

 

Байболат Құлтанов