ЭкологияҚоғам

Қазгидромет: Биыл СҚО-да былтырғыдай су тасқыны болмайды

Қазіргі таңда облысымызда күн жылып, қар күрт еруде. Бұл былтыр алапат су тасқынынан зардап шеккен теріскей тұрғындарын алаңдататыны сөзсіз. Осы ретте арнамыздың түсірілім тобы “Қазгидромет” мамандарымен тілдесіп, өңіріміздегі ахуал жайлы сұрап білді. Гидрологтардың пайындауынша, биыл теріскейде былтырғыдай алапат су тасқыны болмайды. Құзырлы орган өкілдері аймақтағы барлық факторды саралап, осындай қорытындыға келген. Жалпы, ағымдағы жылы Есіл өзені арқылы 3 млрд текше метр су өтпек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 5 млрд-қа жуықтаған. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Қазірдің өзіңде Сергеев су қоймасы 101 пайызға толған екен.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Облыста 22 гидрологиялық бекетте су деңгейін өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Петропавл қаласында, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарында су тасқыны болу қаупі жоғары. Өңірде былтырғыдай су тасқыны болмайды деп болжауымызға басты себеп, биыл топырақ қатты қатпаған. Демек, еріген қар суы жерге сіңіп кетеді. Одан қалды, былтыр алапат су тасқынының болуына мұз кептелісі әсер етті. Биыл жауапты мамандар мұз жару жұмыстарына ерте кірісіп кетті.

 

Нұрасыл Ахмет