Көрісу күніне арналған кезекті шара. Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ерекше жарыс өтті. Ақыл-ой сайысына қала колледждерінен келген 40-қа жуық студент қатысты. Мерекелік жиында ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, жастардың білімі сыналды.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Сайысқа 4 команда қатысады. Әр топта – 8 студенттен. Олардың әрбіреуі ұлттық киім киіп келуі шарт. Жастардың белсенділігін көріп қуанып отырмын. Шынымды айтсам, осынша ұл-қыз келеді деп ойламадым. Біз алдағы 10 күн бойы ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін шараларды көптеп өткізетін боламыз.
Ең алдымен студенттер қазылар алқасына қазақтың салт-дәстүрі көрсетілген қойылым ұсынды. Содан соң ұлттық құндылықтарымыз жайлы түрлі тапсырмаларды орындады. Іс-шараның соңғы кезеңінде әр топ бағалаушыларға өз қолдарымен жасап әкелген бұйымдарын ұсынды.
ДИАС ҚАРАТАЕВ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің курс студенті:
– Жарысқа тек бірінші орын алуға келдік. Түрлі әшекей-бұйымдармен әрленген киімдерімізді киіп келдік. Өз қолымызбен жасаған түрлі тағамдарымызды көрсететін боламыз.
Шыны керек, қазіргі таңда жастардың көбі ұлттық құндылықтарымыз жайлы білмейді. Сондықтан, осындай шаралардың көптеп өткізілуі тиіс. Айта кету керек, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Нұрасыл Ахмет