Спорт

Петропавлда қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында турнир басталды

Ұлттық спорт ұлықталды! Петропавлда қазақ күресінен 14 және 15 жастағы жасөспірімдер арасында атақты батыр қолбасшы, ақын Қожаберген жырау Толыбайұлы атындағы республикалық турнир басталды. Бүгін бәсі биік доданың ашылу салтанаты өтті. Алдымен әнұранымыз шырқалған шарада өңірімізде Балуан Шолақтардың ізін басқан жастардың артқаны туралы айтылды.

ӘДІЛХАН САҒЫНДЫҚОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бұдан кейін көпшілік асыға күткен сәт те келіп жетті. Бозкілемде петропавлдық және астаналық палуандар белдесуде.

38 келі салмақ дәрежесінде күресіп жатқан ұлдар бір-бірін аңдысты. Кей сәтте “Жамбас” әдіс жасайтындай көрінді. Бірақ, көздегенге бірден жету оңай болмады. Бұл сайыста жеңіс қонақ спортшыға бұйырды. Ералы Шыңғысов қарсыласын есеп бойынша жеңді.

ЕРАЛЫ ШЫҢҒЫСОВ, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Қарсыласым осал болған жоқ. Жақсы белдесу болды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Мен күреспен 2-ші сыныптан бері айналысамын. Қарсыласымның барлық осал тұстарын аңдумен болдым.

Өңірімізде Қожаберген жырау атындағы турнир осымен 7 жыл қатарынан жалауын желбіретіп отыр. Оған биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ге тарта жас палуан келген. Дода 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Көрермен бүгін соның 5-еуі бойынша тартысты белдесуді тамашалады.

АСЫЛХАН БОЛАТОВ, СҚО бойынша қазақ күресінен аға жаттықтырушы:

– Бұл жарыс өңірімізде қазақ күресін дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Еліміздің әртүрлі облыстарынан бірнеше мықты палуандар жиылды. Барлығына сәттілік тілеймін. Өңірдің намысын 100 палуан қорғайды.

Айта кетейік, бірінші орын алған палуандар “Спорт шеберіне үміткер” атағын және кубок иеленеді. Ал жеңіс тұғырының өзге сатысына жайғасқан жастар грамота және медальдармен марапатталады.