Бүгін – көптен күткен Көрісу күні. Бұл күні барша қазақстандықтар қыстан қысылмай шыққандарына қуанып, әз Наурызды тойлауға қамданады. Жанға жылу сыйлап, ағайын арқа-жарқа болатын мереке Достық үйінде атап өтілді. Мерекелік жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп, этномәдени бірлестік өкілдерін Амал мейрамымен құттықтады. Жиылған көпшіліктің хал-жағдайын сұрап, жылы лебізін білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көктемнің жылы лебімен келген Көрісу күні баршаңызға құтты болсын. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Олар өздерін өзге емес, қазақстандықпыз деп санайтыны қуантады. Сіздер облысымызда этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, келісім мен бірлікті нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Алғысым шексіз.
Айтулы шара ондаған ұлт өкілінің басын қосты. Көрісу күніне орай олардың әрқайсысы ұлттық киімдерін киіпті. Бұл жандарсыз қаламызда бірде-бір шара өтпейді. Ғауез Торсанұлы өңіріміз үшін этномәдени бірлестердің орны ерекше екенін атап өтті. Мерекелік шараға өнерпаздар да шақыртылыпты. Олар көпшілік алдында жарапазан айтып, мейрамның сәнін келтірді.
Шара барысында аймақ басшысы әр ұлттың тарихымен танысты. Өткен ғасырлардан сыр шертетін көне жәдігерлерін көрді. Шара соңында облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өзінің ақ батасын берді.
Облыстық ҚХА ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин Көрісу күнінің мән-маңызына тоқталды.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, СҚО ҚХА ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Көрісу күні – шығыс халықтарының мейрамы. Жыл санауы бойынша 14-наурыз – жыл басы саналады.
Көрісу күніне орай Достық үйінде көл-көсір дастархан жайылды. Шара аяқталғаннан кейін жиналғандар дәмнен ауыз тиді. Айта кету керек, Қазақстанда “Наурызнама онкүндігі” басталды. Бұл – ұлыстың ұлы күнін тойлаудың жаңа форматы. Яғни, елімізде 23-наурызға дейін қазақтың дәстүрі мен мәдениетін және тарихын насихаттауға арналған түрлі шаралар өтетін болады.
Нұрасыл Ахмет