Петропавл көшелерінде арнайы техника екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Қазір негізгі күш Жұмысшы кентіне жұмылдырылған.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Облыс әкімі Ғауез Торсанұлының тапсырмасы бойынша көшені тазартып, қар шығару жұмысының барысын көріп жатырмын. Жалпы, облыс орталығындағы бұл жұмысқа 170-тен астам техника жұмылдырылды. Қыс басталғалы 800 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жылдағы орташа көрсеткішпен бірдей.
Жұмысшы кентін қардан “ЭнергоПромТехно” ЖШС тазартып жатыр. Мердігерлік ұйым күндіз де, түнде де бұл істі тоқтатпайды. Мұнда қазір 30-ға жуық арнайы техника және 60 адам адам жұмыс істеуде.
СЕРІК МОЛДАҒАЛИ, «ЭнергоПромТехно» ЖШС өкілі:
– Біз бір апта бойы экскаватормен жұмыс істеп келеміз. Бір ауысымда қала сыртындағы полигонға шамамен 1500-2000 текше метр қар шығарамыз.
Кейін Марат Тасмағанбетов Береке шағын ауданында болды. Мұнда 4 көшенің қарын шығарумен «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС айналысады. Шаруаны атқаруға 16 техника жұмылдырылған.
БАТЫР МАШАНОВ, “Құрылыс-Сервис-СК” ЖШС бригадирі:
– Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Біз шамамен 3000 текше қар шығарамыз. Бүгін Батыр Баян, Дмитриев, Тельман және Толстой көшелерін тазалаймыз.
Шағын ауданның тұрғындары атқарылып жатқан жұмысқа дән риза.
– Қар күнде шығарылып жатыр. Экскаваторларды әкелді. Тұрғындар жұмысқа риза. Ең бастысы, жаяу жүргіншілер жолы таза. Жүрген кезде қиналмаймыз.
– Суағарларды тазартты. Қар шығару жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Біз де құр қарап отырған жоқпыз. Көршілес аумақтардан қар шығаруға көмектесіп жүрміз.
Айта кетейік, коммуналдық қызмет мамандарды тұрғындарға ауладағы қарды қоршаудың сыртына шығару қажеттігін ескертеді. Бұл тазалау процесін жылдамдатады.
Байболат Құлтанов